Жинақталған қаржының зекетін анықтап беретін мобилді қосымша іске қосылды

0 15

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанындағы «Зекет» корпоративтік қайырымдылық қоры садақа, зекет беру жүйесін оңтайландыру мақсатында қордың мобилді қосымшасын іске қосты.

Қосымшада «зекетті есептеу», «зекет кітабы», «қор туралы», «біздің іс-шаралар», «онлайн садақа жасау», «мұқтаж жандар базасы» сынды басты мәзірлер арқылы қажетті кеңестер, ақпараттар мен мәліметтер алуға болады, деп хабарлады ҚМДБ баспасөз қызметі.

«Мобилді қосымшаны іске қосудағы негізгі мақсатымыз – қайырымдылық көмек көрсетуге, зекет беруге ниет білдірген азаматтарға қолайлы мүмкіндік жасау. Қосымшаға көмекке аса зәру жандардың ортақ базасын енгіздік. Онда науқастың аты-жөні, тұрғылықты мекен-жайы, медициналық анықтамалар, т.б. қажетті құжаттар жүктелген. «Онлайн садақа жасау» мәзірі арқылы аталған кісіге көмек бере аласыз. Қордың басты ұстанымы – елімізде шариғат (ханафи мәзһабы негізінде) бойынша садақа-зекет беру дәстүрін қалыптастыру, қаржылық мөлдірлікті, бәріне бірдей ақшалай ашықтықты қамтамасыз ету», – дейді «Зекет» қорының директоры Талғат Омаров.

Талғат Сейіткәрімұлының айтуынша, мобилді қосымшаның бір ерекшелігі: автоматты есептегіш (калькулятор) құралы зекет беру көрсеткішіне жеткен мал-мүліктің, яғни жинақталған қаржының зекетін бірден анықтайды. Мобилді қосымшаны «Play Mapкет» жүйесі арқылы «ҚМДБ зекет» сөзін жазып, жүктеп алуға болады.

Дереккөз: Sputnik Қазақстан

Leave A Reply

Your email address will not be published.