Таразда мектеп асханаларына мониторинг жүргізілді

0 12

Нұр Отан партиясының 2018-2020 жылдарға арналған «Мектеп асханалары» жобасын іске асыру мақсатында қаладағы білім беру ұйымдарының асханаларына зерделеу жүргізілді. Бұл туралы «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі хабарлайды.

Бүгінде Тараз қаласы әкімдігінің білім бөліміне қарасты жалпы білім беретін 60 мектептің барлығында оқушыларды ыстық тамақпен қамту жұмыстары ұйымдастырылған. Мектептердің 59-да асханалар бар, оның 14-і жаңа технологиялық құрал-жабдықтармен жабдықталған, 7 мектептің асханасы ыңғайластырылып оқу бөлмелерінде орналасқан. Ал №58 — ші бастауыш мектепте асхана жоқ, ондағы аз қамтылған отбасының 20 оқушысына жақын маңда орналасқан №55 — ші орта мектеп асханасынан ыстық тамақ тасымалданып беріледі.

Мектептерде тамақтандыруды ұйымдастыруда Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2017 жылғы 16 тамыздағы №611 бұйрығымен бекiтiлген «Білім беру объектілеріне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» санитариялық қағидаларының 7-қосымшасын басшылыққа ала отырып, бірыңғай перспективалы 4 апталық ас мәзірі пайдаланылады.

Мектептердегі 1-11 сынып аралығындағы 70 358 оқушының 63 324-і ыстық тамақпен қамтылған. Оның ішінде 10 848 оқушы жалпыға бірдей міндетті білім беру қорынан тегін ыстық тамақпен қамтылған. Оған бюджеттен 423312,0 мың теңге бөлінген. Ыстық тамаққа бөлінген қаражат — ата-ана есебінен тамақтанатын балалар 250 тенге көлемінде қосымша (қалағанынша) тағаммен және 25-50 теңге көлеміндегі буфеттік өнімдермен тамақтанады.

Мектеп асханаларында көрсетілетін қызметті «Аллана» ЖШС-і, «Дәмді тамақтар» ЖШС-і, «Комбинат школьно-студенческого питания» ЖШС-тері жүзеге асыруда.

Жобаның мақсаты — мектеп асханаларын жаңғыртып, балалардың дұрыс тамақтануын қамтамасыз ету. Аталған жобаны іске асыру үшін мектептегі тамақтандырудың сапасына зерделеу жүргізетін қалалық ведомствоаралық сараптама тобы құрылып, іс-шаралар жоспары бекітілді. Жоспарға сәйкес сараптамалық топ мектеп асханалары жұмысымен танысып, осы саладағы бірқатар өзекті мәселелерді анықтау, жаңа жоба аясында мектеп асханаларын қайта жаңғырту жұмысын жандандыру, «Мектеп асханалары» партиялық жобасын жүзеге асырудың тиімді жолдарын қарастыру, мектепте тамақтандыру сапасына жүргізілген зерделеу қорытындысы бойынша нормативтік құқықтық актілерге өзгертулер мен толықтырулар енгізу жөнінде ұсыныстар әзірлеу және дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының әдістемесімен «Денсаулық нығайтатын мектептер» жобасын пайдаланатын пилоттық мектептерді белгілеу жұмыстарын жүргізетін болады.

Айта кетейік, сараптамалық комиссия құрамына партияның өкілі, облыстық кәсіпкерлер палатасы, қала әкімі аппаратының маманы, қалалық білім бөлімінің маманы, қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Тараз қалалық комитетінің төрайымы мен ата-аналар енгізілді.

 Авторы: Жазира Ережепбаева

Leave A Reply

Your email address will not be published.