Облыс әкімдігінде өткен жылдың қорытындысы бойынша алқа мәжілісі өтті

0 2

Бүгін өңір басшысы Асқар Мырзахметовтың төрағалығымен 2018 жылдың қорытындысы бойынша облыс әкімдігінің алқа мәжілісі өтті. Онда мемлекеттік және үкіметтік бағдарламаларда бекітілген индикаторлық көрсеткіштердің, ҚР Премьер-Министрі мен облыс әкімі арасындағы, облыс әкімі мен қала аудан әкімдері арасындағы келісімдердің орындалу барысы егжей-тегжейлі қаралды. Бұл туралы «Zhambylnews» Ақпараттық Агенттігі облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Мәжілісте облыс әкімінің орынбасарлары рет-ретімен баяндама жасап, өздеріне тиесілі саладағы негізгі бағыттарды іске асыру бойынша қабылданып жатқан шаралар мен проблемалық мәселелерді атап көрсетіп, оларды шешу жолдары бойынша нақты ойларын ортаға салды.

Жалпы алғанда барлық көрсеткіштерде өсім бар. Жыл жемісті түйінделді. Индикаторлық межелердің деніне қол жеткізілген. Десек те, өңірде шешімін күткен мәселелер де аз емес. Бірқатар облыс басшысы тарапынан басқарма мен аудандарға жүктелген тапсырмалардың орындалуы сын көтермейді. Айта кету керек, бұл ретте жұмысты жүйелеп, тірлікті тиянақты тыңдыруға келгенде жүрдім-бардым кейіп танытып, немкеттілік білдіргендер жазасыз қалмайды. Баяндама жасаған облыс әкімінің орынбасарлары осы орайда жұмысына немқұрайлы қараған жауапты тұлғалардың жауапкершілігін қарау туралы ұсыныстарын білдірді.

Асқар Исабекұлы бұл орайда айтылған барлық ұсыныстарды толығымен қолдайтынын, және олардың ешбірі қараусыз қалмайтынын қадап айтты. Сондай-ақ, өңір басшысы бұған дейінгі жиындарда облыс экономикасын көтеру жолындағы тиісті шаралардың барлық мүмкіндіктері мен бағыттарды айқындалып, жолдары айтылып, қажетті тапсырмалардың жүктелгенін жеткізді. Алайда, әлі күнге жүйені жете түсінбей, жұмысын сылбырлыққа салып отырған жауапты тұлғалар жоқ емес.

Аймақ басшысы облыс тұрғындарының 60 пайызы ауыл халқы екенін ескеріп, ауыл шаруашылығын дамыту, елді мекендердің ахуалың арттырудың маңыздылығын алға тартты. Ет пен сүт бағытындағы кооперативтерді көптеп құрып, оларға қажетті барлық қолайлы жағдай жасау керектігіне тоқталды.

Алқалы жиында халықты ауыз су, табиғи газбен қамту мәселелерінің өзектілігі де айтылды. Бұған дейін облыстағы 149 мың халық ауылына тартылған ауыз суға баға жоғарылығынан қол жеткізе алмай келген. Өткен жылы қабылданған шаралардың арқасында тиімді бағамен 59 мың халық көгілдір отынмен қамтылған. Елбасы Жолдауында айтылғандай халықтың тұрмыс сапасын арттырудың бірден-бір жолдары осындай мәселелерді шешу арқылы орындалатыны сөзсіз. Облыс бойынша өз кәсібін ашуға ниетті 480 азамат жер сұрап отырса, олардың жартысына жуығы жер алу мүмкіндігіне ие бола алмай отыр. Асқар Исабекұлы осындай түйткілдерге назар аударып, қажет болса, бұл жұмыстарды жеңілдету үшін тиісті ережелерді қайта қарау керектігін айтты.

Алдағы уақытта аудан, ауыл әкімдерінің жұмыс істеу жүйесі бекітіліп, олардың қызмет көрсеткіштері сол арқылы бағаланатын болады.

Leave A Reply

Your email address will not be published.