Т. Рысқұлов ауданына жаңа әкім тағайындалды

0 17

Бүгін ҚР Президент әкімшілігінің және аудандық мәслиxаттың келісімімен, облыс әкімінің 2019 жылғы «4» наурыздағы №32-Ж/Қ өкімімен Т.Рысқұлов ауданы әкімі болып Садырқұлов Ерболат Салқынбекұлы тағайындалды. Ауданға арнайы барған облыс әкімі Асқар Мырзаxметов аудан активіне жаңа әкімді таныстырып, жұмысына сәттілік тіледі, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Өз кезегінде бұған дейін ауданды басқарып келген Асқар Қрықбаев сөз алып, екі жылдай бірге жемісті жұмыс атқарған әріптестеріне алғысын айтты. Ал, Ерболат Салқынбекұлы артылған сенімді ақтауға барын салатынын, өңірдің дамуы жолында аянбай тер төгетінін жеткізді.

Асқар Исабекұлы өңір экономикасын көтеруде, әлеуметтік мәселелерді шешуде аудан басшыларына артылар міндеттің мол екенін баса айтып, жаңа әкімге нақты тапсырмалар жүктеді.

Айта кетейік, Садырқұлов Ерболат Салқынбекұлы 1977 жылы туған. Қазақ мемлекеттік басқару академиясын «экономист», 2005 жылы Қазақ гуманитарлық-құқықтық университетін «құқықтану» мамандықтары бойынша бітірген.

Еңбек жолын 1999 жылы Алматы облысы экономика комитетінің бас маманы болып бастаған. Әр жылдары Алматы облысы экономика комитетінің бөлім бастығы, Алматы облысы әкімі орынбасарының кеңесшісі, Алматы қаласының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары департаментінің бөлім бастығы, ҚР Жоғарғы Сотының әкімшілік соттар комитетінің қаржы және материалдық техникалық қамтамасыз ету департаментінің бөлім бастығы, ҚР Өңірлік даму министрлігінің құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері жөніндегі комитетінің басқарма басшысы, ҚР Ұлттық экономика министрлігінің құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және жер ресурстарын басқару комитетінің басқарма басшысы, ҚР Инвестиция және даму министрлігінің құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері жөніндегі комитетінің басқарма басшысы қызметтерін атқарған.

2018 жылғы желтоқсаннан бастап бүгінге дейін «Самұрық-Қазына» жылжымайтын мүлік қоры» АҚ Алматы қаласындағы өкілдігінің директоры қызметін атқарып келген.

Leave A Reply

Your email address will not be published.