Тараз қаласында Қазақстан халқының бірлігі күні аталып өтті

0 7

1 мамыр мерекесі – ынтымағы мен  мен бірлігі жарасқан берекелі  халықтық мереке! Үстіміздегі жылдың 1 мамыр күні, Жамбыл облысы, Тараз қаласының «Жастар» аллеясында Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесіне арналған мерекелік шеру жаңа форматта өткізілді, — деп жазады «ZhambylNews» AA облыс әкімі аппараты «Қоғамдық келісім» КММ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жамбыл облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы, облыс әкімі аппараты «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесі және Жамбыл облысы әкімдігі бірлесе отырып өткізген аталмыш мейрам жоғары деңгейде өтті.

Аталмыш іс-шараның мақсаты мен міндеті — Қазақстан халқы Ассамблеясының аймақтарда этносаралық келісімді қамтамасыз етуді жүзеге асыру жолында Қазақстан халқының рухани-мәдени бірігуі мен қазақ еліндегі отбасылық құндылықтар мен дәстүрлері дамытуды насихаттау, болашақ жас ұрпақты әр этнос салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын құрметтеуге үйрету.

Өңіріміздегі 27 этномәдени бірлестіктердің жетекшілері мен мүшелері де, оған қоса «Ақ желкен» жастар лигасы мен «Жаңғыру жолы» жастар белсенділерінің көшбасшылары, облыстық филармония өнерпаздары, ҚХА Ақсақалдар мен Аналар кеңесінің мүшелері, қолөнер шеберлері, Тараз қаласы әкімдігі білім бөлімінің мектептен тыс және балалар шығармашылығы орталығының оқушылары, қала қонақтары мен тұрғындары, қалалық және облыстық БАҚ өкілдері аталған іс-шараға белсене қатысты.

Мерекелік шеруге  облыстық этномәдени бірлестіктері мүшелерінен құрылған барлығы -3000-нан  астам адам қатысты.

Шерудің сәнін жалт-жұлт еткен ашық түсті, сәнді ұлттық киімдер  киген этномәдени бірлестіктер өкілдері келтірді.  Қоғамдық бірлестіктердің ұйымдастыруымен  Ы.Сүлейменов көшесінің бойына «Ұлы дала ұландары» стеласынан «Білім» алаңы аралығында этноауылдар орналастырылды.  Құрметті қонақтарды облыс әкімінің орынбасары Сұлушаш Құрманбекова, Тараз қаласының әкімі Досаев Қайрат, Жамбыл облысы ҚХА хатшылығының меңгерушісі Маржан Қожаева күтіп алып, оларды этноауылдармен таныстырды.

«1 мамыр — Қазақстанның бірлігі күні» мейрамын мерекелеудің іс-шаралар жоспарына сәйкес әр этностың ұлттық тағамдар көрмесі ұйымдастырылды, «Достық дастарханы» жайылды. Қазақ, орыс, өзбек, украин, неміс, дүнген, түрік, корей этноауыл «тұрғындары» өздерінің салт-дәстүрлерін, ұлттық тағамдарын, ойындарын, өнерлерін  көрсетуде асқан шеберлік танытып, жиылған жұртшылыққа  зор әсер қалдырды.

Сондай-ақ, әр этноауылда тұрмыстық және қолданбалы өнер шеберлерінің музей экспонаттарынан көрмелер ұйымдастырылды. Қолөнершілердің еңбектері, шығармашылық жұмыстары  тамашаланып, қазіргі заманға сай түрлі материалдар мен өзіндік технологияларды ұштастыра дайындаған тамаша бұйымдар жұртшылық назарына ұсынылды. Көрмені аймақ басшысы Асқар Мырзахметов пен облыс ардагерлері, басқа да зиялы қауым және қала қонақтары көрмеге қатысушы барлық этномәдени бірлестіктердің ұлттық тағамдарымен танысып, концерттік бағдарламаларын тамашалады.

Бұл этноауылдар көрінісі –  еліміздегі ұлттар татулығы мен достығының айқын дәлелі. Өйткені, Қазақстанда бір шаңырақтың астында 140-қа жуық өзге ұлт өкілдері тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Ал,  Жамбыл облысында 80-ге жуық этностар болса, оның 27-сі этномәдени бірлестіктер екен. Барлық этностар да Бірлік мейрамын мерекелеуге  зор ықылас-ынтамен ат салысты.  Дал осындай ауылдар-татулықтың символына айналып, халықтардың ынтымақты араласуына себепші болары сөзсіз.

Бұдан әрі түрлі қызықты спорт ойындарынан – «қазақ күресі», «қол күрес», «ордабасы», «асық ату», «мас-рестлинг», «тоғызқұмалақ»,  «ләңгіден»  жарыс өткізілді.

Бұдан соң «Білім» алаңында жастар мен жасөспірімдердің театрландырылған қойылымы және  жастар арасында тақырыптық байқаулар мерекелік концерті өтті.

«Жастар» аллеясының басты алаңында этномәдени бірлестіктер шығармашылық топтарының қатысуымен  өткен концерттік бағдарлама 2 сағаттан астам уақытқа созылды.

Мерекелік концерт барысында облыс әкімі Асқар Мырзахметов жиналған барша жұртшылық – қала тұрғындары мен қонақтарын  бірлік мерекесімен құттықтап, жамбылдықтарға зор денсаулық, бақ-береке, бай-қуатты өмір тіледі.  Сонымен бірге облыс әкімі өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан қоғамдық бірлестіктер өкілдерін марапаттап, оларға алғыс хаттар мен мақтау қағаздарын табыс етті. Сондай-ақ, мерекеге жиналған жұртшылыққа «Полонез» поляк тілі және мәдениеті орталығы» қоғамдық бірлестігінің мүшесі Аракси Плетнева және «Айнұры» татар-башқұрт этномәдени бірлестігі» қоғамдық бірлестігінің өкілі Риналь Рахматуллиндер  де ризашылық  лебіздерін білдірді.

Ары қарай этномәдени бірлестіктер жастарының қатысуымен «Рахмет, саған туған ел!» әнінің фонында «Саялы бәйтерек» атты театрландырылған қойылым көрсетілді. Театрланған қойылымға орыс-қазақ драма театры актерлары  мен  облыстық ассамблеяның шығармашылық топтары қатысты.

Мерекелік кеш соңы Жамбыл облыстық ҚХА этномәдени бірлестіктерінің «Поющие сердца», «Чун-тянь», «Самульнори», «Дэй Мохк Stayle», «Үкілім-ай», «Эремурус», «Калинка», «Маричка», «Infinity», «Грация Кавказа» би және вокал ансамбльдері, т.б. мен облыстық филармонияның  «Жібек жолы» халықтық эстрадалық оркестрі мен  «Ақкербез» би ансамблі, «Кәусар» вокалдық тобы және филармонияның  танымал әншілері өз өнерлерін көрсетуімен аяқталды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.