Жамбыл облысының барлық аудандарында 13-17 мамыр аралығында «Серпін» күндері өткізіледі

0 6

Жамбыл облысы білім басқармасы техникалық және кәсіптік білім беруді дамыту орталығының ұйымдастыруымен 2019 жылдың 13-17 мамыр күндері аралығында Жамбыл облысының барлық аудандарында «Серпін» күндері өткізіледі. Бұл туралы бүгін ӨКҚ алаңында облыс әкімдігінің білім басқармасы басшысы орынбасарының міндетін атқарушы Саясат Есеев, С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан Мемлекеттік университетінің аға оқытушысы Гауһар Қасымбекованың қатысуымен өткен брифингте айтылды, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.

«Серпін» күндеріне қабылдаушы Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Павлодар, Қостанай, Қарағанды өңірлерінің жоғарғы оқу орындары мен техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарынан жалпы 20 өкіл келіп облыс бойынша үгіт-насихат жұмыстарын жүргізеді.

«Серпін» әлеуметтік жобасы аясында Жамбыл облысынан 2014 жылы — 172, 2015 жылы – 443, 2016 жылы – 262, 2017 жылы -283, 2018 жылы-224, барлығы 1384 білімгер оқуға түсті. Оның: 1169-і жоғарғы оқу орындарына, 215-і колледждерге педагогикалық, техникалық, технологиялық, ауылшаруашылығы, медициналық мамандықтар бойынша оқуға түсті.

Сонымен қатар, жоба аясында еліміздің оңтүстік өңірлерінің жастары, өндіріс орындары дамыған, жұмысшы күшіне қажеттілік қалыптасып отырған Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Павлодар, Қостанай, Қарағанды өңірлерінің жоғарғы оқу орындары мен техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында тегін білім алып, тұрақты жұмысқа орналасуына мүмкіндік береді.

Жыл сайын жобаға қатысатын оқу орындарының желісі артып келеді. 2014 жылы 25 колледж, 7 жоғарғы оқу орны, 2015 жылы 33 колледж, 19 жоғарғы оқу орны, 2016 жылы 30 колледж 22 жоғарғы оқу орны, 2017 жылы 38 колледж 26 жоғарғы оқу орын қатысты, 2018 жылы 24 жоғарғы оқу орындары мен 38 колледж, 2019 жылы 25 колледж, 24 жоғарғы оқу орны қатысты.

Жоба аясында жоғарғы оқу орындарына түскен білімгерлер шәкіртақымен, өңірлерге бір рет барып-қайту жолақысымен және жатақханамен, колледжге түскен білімгерлерге аталған жеңілдіктерге қосымша бір мезгіл тамақпен қамтамасыз етіледі.

Айта кетейік, ағымдағы жылдың шілде күндері аралығында жобаға қатысушы өңірлердің 24 жоғарғы оқу орындарының 29 өкілдері М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің, Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің базасында арнайы бөлінген орындарында үгіт-насихат және құжат қабылдау жұмыстарын жүргізеді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.