Облыс әкімдігінде коммуналдық меншікті басқару мәселелері талқыланды

0 2

Өңірде қызметтері ұқсас, бір-бірін толықтырады-ау деген мекемелерді топтап, бір жерден басқарту бағытында жұмыстар жалғасуда. Мақсат –қазына қаржысын біршама үнемдеу. Бұл туралы облыс әкімі Асқар Мырзахметовтың төрағалығымен өткен жиында жан-жақты қаузалып, коммуналдық меншікті басқару мәселелері талқыланды, — деп хабарлайды «ZhambylNews» АА облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бүгінде облыс бойынша коммуналдық меншіктегі мыңнан астам мекеме бар. Жыл басында өңір басшысы облыстық қаржы басқармасына осы кәсіпорындардың жұмыс нәтижелілігіне талдау жүргізуді, сонымен бірге құзырлы мекеме, аудан әкімдерімен бірлесіп, іс-шаралар жоспарын қабылдауды тапсырған болатын.

Басқосуда мемлекеттік коммуналдық меншікті пайдалану үшін жалға алудан бюджетке түсетін қаржының көлемі сараланып, коммуналдық мекемелердің тиімділігін арттыру керектігі айтылды.

Айта кету керек, бүгінге дейін облыста оңтайландыру жұмыстарының арқасында 700 миллион теңге үнемделіп, жыл басынан бері 900 штат қысқартылыпты.

Жиын барысында коммуналдық меншіктегі мекемелердің табысы мен шығыны назарға алынды. Асқар Исабекұлы жауапты тұлғаларға жалпыға түсінікті алгоритм жасауды ұсынды. Сондай-ақ, алдағы уақытта шаруашылық негіздегі мекемелердің де өз шығындарын өздері төлеуі қатаң қадағаланатын болады.

Leave A Reply

Your email address will not be published.