«Сабақтастық, Әділдік, Өрлеу» бағдарламасы – халықтық бағдарлама

0 30

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың «Сабақтастық, Әділдік, Өрлеу» бағдарламасы – халықтық бағдарлама.

Оның мәні мен болмысы қазақстандықтардың көкейінде тұрған мәселелерді айшықтап, шешімін ұсынып отыр. Бұл бағдарлама ел азаматтарының сұранысына негізделген, барлық буын өкілдерінің жаңа сапалы өмір сүру деңгейіне жету үшін құралған деп білемін.

Мәселен, Әділдік бөліміне міндеттелген 8 басымдық – әділдікке әкелетін сегіз кілт. Әрбір ел азаматының еңбегіне сай лайықты жалақы алуы Президенттің ұдайы назарында болатындығы көңіл қуантады. Бүгінде қоғамның жегі құртына айналған жемқорлық жайы да айтылмады емес.

«Біз жемқорлықтың түп-тамыры жойылғанша күресеміз. Жемқорлық мемлекет пен қоғамның іргесін сөгіп, ұлттық қауіпсіздікке үлкен қауіп төндіреді, мемлекеттің дамуына тосқауыл қояды. Мемлекет пен азаматтардың күшін біріктіреміз. Тек қана жазалау шаралары жеткіліксіз. Жемқорлықтың кез келген түріне мүлдем төзбеушілік таныту маңызды» деген Мемлекет басшысы қоғамдық бақылауды күшейту арқылы жемқорлықтың көзін жою қажеттігін баса айтты.

Бірқатар саланы қамтыған басым бағыттар ішінде денсаулық сақтау саласының даму стратегиясы да ескерілді. Онда медициналық ЖОО мен колледждерге, дәрігер мамандарын дайындаудың сапасына қойылатын талаптарды қатаңдату қажет делінді. Сол арқылы өңірлік клиникалардың бір бөлігін медициналық ЖОО-ға беріп, жас дәрігерлердің өз кәсібіне теориялық және тәжірибелік тұрғыдан толық дайындықпен кірісуіне мүмкіндік беретіндігіне тоқталды.

Сонымен қатар, «Өрлеу» бөлімінде қолжетімді баспана мен таза экология мәселесі кеңінен қаузалды. «Алдағы уақытта халықтың барлық топтары үшін тұрғын үй мәселесі түбегейлі шешілетін болады» деген Қ.Кемелұлы барлық тұрғын үй бағдарламалары бірегей тұрғын үй құрылысы саясатына біріктіріліп, бұл саясаттың аясында ұстаздар мен дәрігерлерді баспанамен қамтамасыз етудің арнайы бағдарламасын іске қосатындығын жеткізді.

Келешек ұрпақтың болашағы үшін жасалынған бағдарламаның әр тармағы маңызды. Берері мол басым бағыттардың тиімді жүзеге асуы үшін әлбетте жұрт болып жұмыла жұмыс жасаған жөн. Бұл туралы да Мемлекет басшысы «Біз күш-жігерімізді біріктіріп, Тәуелсіздіктің күрделі жолында мол табысқа жеттік. Енді біз қазақстандық арманымызға – баршаға ортақ игілікке жету үшін алға қарай батыл қадам жасаймыз» деп атап өтті.

Әділдік пен өрлеу жолын таңдаған ұлттың осындай ұлы істерді бірігіп еңсеретініне сенім мол.

Тараз қалалық ардагерлер кеңесі

төрағасының орынбасары Күләш Әбдікешова

Leave A Reply

Your email address will not be published.