Ауыл мектебіне басшы табу неге қиын

0 30

Павлодар облысындағы мектеп директорларының 4 пайызы — зейнеткерлік жаста. Бұған қоса білім беру ұйымдары басшыларының 15 лауазымы бос тұр.

Облыстағы 362 жалпы білім беретін мектепте 12 мыңнан астам педагог еңбек етеді. Білім саласындағы кадрлық жаңару мәселесі мектеп басшылары деңгейінде айтарлықтай өзекті болып отыр.

Өңірлік білім беру басқармасының мәліметінше, аймақтағы мектеп директорларының орташа жасы – 48 жас. Ал зейнеткерлік жасқа жеткен басшылардың саны — 14 адам. Бұл жалпы директорлар құрамының шамамен 4 пайызы. Бір қарағанда, көрсеткіш аса жоғары болып көрінбеуі мүмкін. Алайда бұл жердегі мәселе жергілікті білім саласының басқарушылық буынындағы кадрлардың жаңаруы қаншалықты жылдам жүріп жатқанына қатысты. Зейнет жасындағы мектеп директорларының саны 2024 жылы – 27, 2025 жылы 18 болған. Биыл көрсеткіш сәл төмендегенімен, жаңару үдерісі баяулап қалғанын байқауға болады.

— Білім беру басқармасы зейнеткерлік жасқа жеткен мектеп басшыларына тиісті хабарламаларды жеткізді. Еңбек шарттарының (қосымша келісімдердің) қолданылу мерзімі аяқталғаннан кейін аталған басшылармен еңбек қатынастары заңнамада белгіленген тәртіппен тоқтатылатын болады, – дейді өңірлік білім беру басқармасы басшысының орынбасары Нұргүл Азанбаева.

Зейнеткерлік жасқа жеткен директорлардың қызметі автоматты түрде жалғаспайды. Еңбек шартының мерзімі аяқталғаннан кейін олардың орнына жаңа басшылар келуі тиіс.

15 директордың орны үңірейіп тұр

Қазіргі таңда орта білім беру ұйымдары бойынша 15 басшының орны босап қалған. Басқарма мәліметінше, олардың басым бөлігі жазғы кезеңде мектеп директорларының өзге елді мекендерге қоныс аударуына байланысты пайда болған. Кадрлық құрамды толықтыру үшін 17 конкурстық рәсім өткізіліп, оның қорытындысы бойынша 104 орта білім беру ұйымының басшысы тағайындалған. Соған қарамастан 15 бос орынның сақталуы мектеп басшыларын іріктеу мәселесінің толық шешілмегенін көрсетеді.

Әсіресе, бұл проблема ауылдық жерлердегі мектептер үшін өзекті. Анықтағанымыздай, бос директорлық лауазымдардың басым бөлігі ауылдық елді мекендердегі білім беру ұйымдарына тиесілі.

Мамандардың айтуынша, ауылдық мектептердегі басшылық қызметтерге кадр тарту мәселесін шешу үшін талаптарды қайта қарау қолға алынған. ҚР Оқу — ағарту министрінің міндетін атқарушының 2026 жылғы 19 маусымдағы №173-НҚ бұйрығымен шағын жинақты мектеп директорларына қойылатын біліктілік талаптарына өзгерістер енгізілген.

Атап айтқанда, шағын жинақты мектеп директорлары үшін талап етілетін біліктілік санатын «педагог-сарапшыдан» «педагог-модераторға» дейін төмендету және педагогикалық еңбек өтіліне қойылатын талапты 5 жылдан 3 жылға дейін қысқарту көзделген. Білім басқармасы бұл өзгерістер шағын жинақты мектептерге басшылық жасай алатын мамандардың қатарын кеңейтіп, ауылдағы басқарушы кадр тапшылығын азайтуға мүмкіндік береді деп есептейді.

Дейтұрғанмен бұл жерде де маңызды сауал туындайды: директорлыққа қойылатын талаптарды төмендету кадр тапшылығын шешкенімен, мектеп басқару сапасына қалай әсер етеді?

Тәжірибе бар, бірақ жаңару одан да өзекті

Білім саласының шенеуніктері зейнет жасындағы директорлардың қызмет атқаруын олардың көпжылдық педагогикалық әрі басқарушылық тәжірибесімен байланыстырады. Басшыларды іріктеу кезінде жас мөлшері жалғыз критерий емес. Кәсіби құзырет, еңбек өтілі, басқарушылық тәжірибе және белгіленген біліктілік талаптарына сәйкестік ескеріледі.

Бұл ұстанымның екінші жағы – басқарушы кадрлардың жаңару қарқыны. Мектеп директоры ондаған жылдық тәжірибесі бар маман болуы мүмкін. Бірақ сол уақытта директорлық қызметке дайындалып жүрген жас педагогтердің басқарушылық тәжірибе жинақтап, жаңа буын ретінде өсуіне мүмкіндік қаншалықты жеткілікті деген сұрақ туындайды. Егер зейнеткерлік жасқа жеткен директорлар еңбек шарттарының мерзімі аяқталған соң қызметтен кетсе, олардың орнына лайықты басқарушы кадр болуы керек.

Мектеп директорларының келесі буынын облыс қаншалықты жүйелі түрде дайындап жатқаны да беймәлім. Бұл ретте педагогикалық кадр резерві, жас директорларды даярлау, ауыл мектептеріне басшылар тарту және директорлық лауазымдарға үміткерлерді алдын ала дайындау маңызды болмақ.

Еске сала кетейік, елімізде мектеп директорларын тағайындау қағидалары өзгерді.

Пікір қалдырыңыз

Your email address will not be published.