Талас ауданында «Білім және ғылым» атты тамыз конфе­ренциясы өтті

0 7

Талас ауданында  бала­лар өнер мектебінде өт­кен аудандық білім қызмет­керлерінің «Білім және ғылым» атты тамыз конфе­ренциясында білім беру жүйесіндегі жетістіктер мен жаңашылдықтарды саралаумен қатар, тәрбие жұмысындағы өзекті мә­селелер кеңінен айтылды, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.

Санаулы күндерден соң басталатын жаңа оқу жылында бәсекеге қабілетті, біліммен қаруланған жаңашыл жастарды азамат­тық және адамгершілік ұстанымы жоғары, өз елінің патриоты етіп тәрбиелеу ең басты міндет. Конференция отырысында баяндама жасаған аудан әкімдігі білім бөлімінің басшысы Күлшат Қожатаева өз сөзінде осы мәселеге баса назар аударып, ауданның білім беру саласындағы шешімін күткен бірқатар жайттарға тоқталды.

Жаңа оқу жылын 35 мектеп, 2 мектептен тыс, 24 мектепке дейінгі мекемелермен бастағалы отырмыз. Барлық мектептер 100 пайыз интернет желісіне қосылған. 2018-2019 оқу жылында республика бойын­ша жалпы білім беретін мектептерде 3,6,8 сыныптар жаңартылған білім беру мазмұны шеңберінде білім алса, биылғы жылы 4,9,10 сыныптар жаңартылған стан­дарт бойынша оқы­тылады. Осыған орай мектептерде оқу процесін ұйымдастырудағы заманауи тәсілдерді меңгеру үшін педагогтың үздіксіз кәсіби дамуы маңызды. Алдағы оқу жылында ұстаз­дар қауымы осы мәселеге баса назар аударуы тиіс.

Бүгінгі таңда аудандық білім бөліміне қарасты 64 мекеме жұмыс жасайды. Оның ішінде жалпы білім беретін мектептер саны 35. Аудан орталығынан шалғай орналасқан ауыл мектептері мен шағын жинақталған мектептерде 39 педагог маман жетіспейді. Алдағы уақытта бұл мәселе шешімін табады деп күтілуде,- деген Күлшат Кеңесқызы мұнан соң білім беру ұйымдарын ақпараттандыру, материалдық- техникалық базаның жабдықталуы, бір жолғы ыстық тамақтың ұйымдастырылуы, жазғы демалыс лагерлерінің жұмысы сияқты көптеген мәселелер төңірегінде сөз қозғап, өткен оқу жылындағы жетістіктерді атады.

Тамыз кеңесінде сондай-ақ Жамбыл облысы әкімдігі білім басқармасы «Техникалық және кәсіптік білім беру» бөлімінің басшысы Алтынай Жайлышева, ау­дан әкімінің орынбасары Қадірбек Садубаев, білім қызметкерлері кәсіп­одақ ұйымы аудандық филиа­лының төрағасы Мадиярбек Міралиев сөз алып ұстаздар қауымын жаңа оқу жылының басталуымен құттықтап, жұмыстарына жеміс тіледі.

Білім беру ісінде қол жеткізген жетістіктері үшін бірқатар ардагер ұстаздар мен жас мамандарға Қазақстан Республикасы Білім және ғылым Министрінің «Құрмет грамотасы», «Алғыс хаты», Жамбыл облысы әкімдігі білім басқармасының «Құр­мет грамотасы», «Алғыс хаты», аудан әкімінің «Құр­мет грамотасы», «Ал­ғыс хатымен», кәсіподақ ұйымының марапатын та­­­­быс­­­тады. Аудандық «Рей­тинг-2019» байқауының нәтижесі бойынша жүлделі орындарды иеленген мек­тептер мен «Үздік шағын жинақталған мектеп» номи­нациясы бойынша жеңіске жеткен ұжымдарды аудан әкімінің арнайы сыйлығымен марапаттады.

Жиын соңы аудандық балалар мен жасөспірімдер орталығының оқушылары дайындаған концерттік бағ­дарламаға ұласты.

Leave A Reply

Your email address will not be published.