Жамбыл облысындағы мектептер мен колледждерде тұрғындарға арналған медициналық пунктер ашылады  

0 2

Жамбылдық білім беру ұйымдары мен медицина қызметкерлері короновирусқа қарсы күресте күш біріктірмек. Облыстағы білім беру ұйымдарында халыққа медициналық көмек көрсетудің қосымша пункттері ашылып, оған білім беру мекемелерінің 123 медицина қызметкері тартылған, — деп хабарлайды «ZhambylNews» ақпараттық агенттігі облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Қазіргі таңда елімізде коронавирус инфекциясын жұқтырғандар саны артуда. Жамбыл облысында аурудың екі мыңнан астам жағдайы тіркелді. Бүгінгідей қиын жағдайда медицина қызметкерлеріне үлкен жүк түсіп отырғаны сөзсіз.    Эпидемиямен күрестегі өзекті мәселелердің бірі – медициналық мамандардың жетіспеушілігі.

Бүгінгі таңда орта мектептерден барлығы 80 маман, облыс колледждерінен 43 маман жұмылдырылған. Тараз қаласы және облыстың барлық аудандарында орта және кіші медициналық  қызметкерлер тұрғындарға кеңес беру, дәрі егу секілді басқа да  қызметтерді тегін көрсетеді.

— Білім мекемелерінде ашылған медициналық пункттердегі мамандар оқу жылы басталғанға дейін жұмыс істейді және міндетті түрде жалақы алатын болады. Қазір пункттері көмек көрсету үшін құрал-жабдықтарымен, қорғаныш киімдері мен қажетті заттар жинақталуда. Облыста 442 білім беру мекемесі болса Тараз қаласында 54 мектепте осындай көмек көрсету орталығы ашылады. Онда 54 медбике қызмет атқарады   — дейді облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Талғат Жамалов.

Дәрігерлік көмекті қажет ететін тұрғындар үшін мұндай алғашқы көмек көрсету, дәрі егу орталықтары тек Тараз қаласы емес өңірдегі 10 ауданда да іске қосылады. Мәселен, Шу ауданындағы 6 елді-мекеннен 10 нысан ашылса, онда 10 медбике еңбек етеді. Мойынқұмдағы 6 ауылда 8, Меркі ауданындағы 13 ауылдық округте 20, Қордайдағы 11 ауылда 15, Жуалыда 7, Жамбыл ауданындағы 8 елді мекенде 8 медбике тұрғындарға көмек көрсетуге жұмылдырылады.

Айта кетейік бүгінгі күннің сараптамасына сүйенсек, Жамбыл облысы аумағында COVID-19 ауруының 2522 жағдайы тіркелген, 100 мың тұрғынға шаққанда аурушаңдық көрсеткіші — 218,1 пайызды құрады. Тіркелген жағдайлардың ішінде 1061 адамда дерттің  симптомдары бар, 1461 адамда ешқандай белгілер байқалмаған. 1461 адамның ішінде симптомсыз аурумен Тараз қаласында – 672, Байзақта – 102, Жамбылда  – 86, Жуалыда – 46, Меркіде – 47, Қордайда – 140, Т.Рысқұловта – 38, Сарысуда – 105, Таласта – 45, Шуда – 47, Мойынқұмда – 12 оқиға тіркелді

Leave A Reply

Your email address will not be published.