Жамбыл облысына коронавирус пен пневмонияға қарсы дәрі-дәрмектердің үлкен партиясы жеткізілді

0 3

Жамбыл облысында коронавирус пен пневмонияны емдеуге қолданылатын дәрі-дәрмектердің тапшылығы мәселесі шешілуде. Қазір тұрғындар тарапынан үлкен сұранысқа ие препараттар аймаққа жеткізіле бастады. Бұл мәселе облыс басшылығының тұрақты назарында, — деп жазады «ZhambylNews» ақпараттық агентттігі.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы «СК-Фармация» ЖШС-нің өңірдегі өкілдігімен бірлесіп, жетіспеушілігі туындап отырған дәрі-дәрмектер бойынша өтінім жіберген. Нәтижесінде, 9-11 шілде аралығында 98 миллион 383 мың теңгеге дәрі-дәрмектердің ауқымды партиясы жеткізілді. Олар пневмония және COVID-19 вирусын емдеуге арналған.

Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Жұманқұлов атап өткендей, препараттар облыстық ауруханаларға үлестірілген. Қазіргі таңда дәрі-дәрмектер аудандық медициналық мекемелерге жіберілуде.

Жеткізілген дәрі-дәрмектердің қатарында антибиотиктер (1300 ампула), антикоагулянттар (2585 ампула), витаминдер (45,170 ампула), дексаметазон (1850 ампула) бар.

— Бұдан бөлек, бірер күнде дәрі-дәрмектердің жаңа жеткізілімі күтіліп отырғанын айтқым келеді. Біз 700 миллион теңгеге қосымша өтініш жібердік, — дейді Марат Жұманқұлов.

Оның айтуынша, дәрі-дәрмектер дәріханаларға да жеткізілмек.

— Ірі дәрі-дәрмек жеткізушілерімен тауарларды уақтылы жеткізіп отыру бойынша келісімшарттар жасалған. Мәселен, бүгінде «Әмір және Д» дәріханаларына 100 миллион теңгеден астам қаржыға дәрі-дәрмектер әкелінген, — деді М. Жұманқұлов.

Ал, Тараз қаласы әкімдігінің қолдауымен және «Супер-Фарм» жергілікті кәсіпорнының қаржыландыруымен облыс орталығындағы тоғыз емханаға 560 дәрі-дәрмек пакеті жеткізілді. Онда шприцтер, системалар, спирттік сүлгілер, коронавирус инфекциясы мен пневмонияны емдеуге арналған хаттамаға енгізілген препараттар (антибиотиктер, дәрумендер, антипиретикалық және қабынуға қарсы препараттар) және басқа да дәрілер бар. Бір пакет 7 күндік емдеу курсына арналған, өзіндік құны бойынша бағасы 7 825 теңгені құрайды.

— Бізге денсаулық сақтау басқармасы қоңырау шалып, дәрі-дәрмек алу үшін «Супер-Фарм» ЖШС-не бару керектігін айтты. Бұл біз үшін өте жағымды жаңалық болды. Өткен жылы күндізгі стационарларды қаржыландыру басталған кезде, алдымызда осындай індет күтіп тұр деп ешкім ойлаған жоқ. Сондықтан осындай маңызды көмектің уақытылы көрсетілгендігі қуаңтады, — дейді №1 қалалық емхананың провизоры Ұлтай Кудиярова.

Сондай-ақ, басқа дәріханалар да қажетті препараттармен қамтамасыз етілетін болады. Осылайша, дәрі-дәрмек тапшылығы мәселесі өз шешімін табуда.

Leave A Reply

Your email address will not be published.