Жамбыл облысында заманауи фармацевтикалық кешен іске қосылады

0 0

Жамбыл облысында дәрі-дәрмектер мен аллергиялық тесттерді және тағы басқа медициналық бұйымдарды әзірлейтін заманауи фармацевтикалық кешен іске қосылады. Қазір сақтау қоймаларымен қамтылған жаңа фармацевтикалық өндіріс кешенінің құрылысы жүргізілуде, — деп хабарлайды “ZhambylNews” ақпараттық агенттігі.

Жобаны «Әмір және Д» ЖШС жүзеге асыруда. Жалпы аумағы 7 мың шаршы метрді құрайтын өндірістік кешеннің құны – 2,2 млрд. теңге, оның ішінде 1,2 млрд. теңгесін екінші деңгейдегі банктерден несиеге алған.

Құрылыстың аяқталуы 2020 жылдың үшінші тоқсанына жоспарланып отыр. Зауыттың өндірістік қуаты жылына шамамен 3,42 миллиард теңгені құрайтын 15 миллион жедел сынақ, 1,5 миллион бақылау ерітіндісі және залалсыздандыруға арналған 50 000 орама болады. Сақтау қоймасында 1 698 табақша орны мен 2 130 сөре бар. Зауыт иммунохроматографиялық талдау үшін 200-ден астам жедел сынақтарды (мерез, АИТВ, В гепатиті, А гепатиті, С гепатиті), дәрі-дәрмектерді, аллергиялық тесттерді және тағы басқа медициналық бұйымдарды әзірлейді.

Жаңа өндірістік кешенде 200-ден астам жұмыс орны ашылмақ. Серіктестік басшысы Қарлығаш Қаймолдаева халықты тиімді дәрі-дәрмектермен және препараттармен қамтамасыз ету үшін қандай жұмыстар жүргізіліп жатқандығына тоқталды:

-Қорлар үнемі толықтырылып отырады. Дистрибьюторлардың қоймаларынан табуға болатын барлық заттар дереу сатып алынады. Азитромицин мен цефтриаксондар әрқашан сатылымда, ал дәріханаларда олардың аналогтары әлі де бар. Салыстырмалы түрде айтсам, мәселен 2019 жылы компанияның дәріханалар желісі небәрі 54 000 бөтелке цефтриаксон сатқан болса, соңғы 3 аптада 60 мыңнан астам құты 170 теңгеден сатылды. Бұл баға лимитінен 30 пайыз төмен. 50 мың құты мөлшеріндегі арзан цефтриаксонның легі қоймаға келіп жетті және мүмкіндігінше тез арада дәріханаларға жіберіледі. Сонымен қатар, дәрі-дәрмек өндірісі жолға қойылды, оған сұраныс артуда.
Әлеуметтік маңыздылығын ескере отырып, рецепт және өндірістік бөлім негізінде аскорбин қышқылы, аминофиллин, дифенгидрамин, дипирон өндірісін бастадық. Сұраныс артқан жағдайда тәулік бойы жұмыс істейтін боламыз, – деді компания директоры.

Оның сөзінше, күн сайын дәрі-дәрмек жеткізушілермен және дистрибьюторлармен тынымсыз жұмыстар жүргізілуде. Алдағы күндері қажетті дәрі-дәрмектер көп мөлшерде әкелінбек (вирусқа қарсы — 10000 қаптама, қызуды төмендетін және қабынуға қарсы — 74 000 қаптама таблетка мен инъекциялық түрлері, антибиотиктер — 115000 инъекциялық бөтелкелер, сондай-ақ Метрид инфузиясы — 30000 бөтелке, Zitrox (азитромицин) таблеткалары — 3000 қаптама).

Қорлар тәулік бойына толықтырылып, дәріханаларға жеткізу шаралары күніне 3 рет ұйымдастырылуда.

Leave A Reply

Your email address will not be published.