2020 Жамбыл облысындағы 10 ауылға ауыз су мен газ кіреді, -деп хабарлайды “ZhambylNews” ақпараттық агенттігі.
Таға ауыз су мен көгілдір отын тартылып жатқан елді мекендерде қазір құрылыс жұмыстары қызу жүріп жатыр. Аудандардағы осыншама елді мекенді су және көгілдір отынмен бір жылда қамту бұрын соңды болмаған жағдай. Барлық жоба Жұмыспен қамтудың жол картасы аясында жүзеге асырылуда. Құрылыс қарқынды жүріп жатқан ауылдардың қатарында Қаракемер мен Тастөбе бар. Бұл елді мекендерде табиғи көгілдір отын бұрын мүлдем болмаған. Биыл Жұмыспен қамтудың жол картасына еніп, қазір ауыл ішілік газ құбырларын тарту жалғасып жатыр. Мемлекеттік бағдарлама шартына сәйкес жұмысқа жергілікті тұрғындар тартылған.
– Жұмыс істеп жатқанымызға бір-екі айдың көлемі болды. Газ қалай басталды, содан бері жүрміз ғой. Жұмыспен қамту орталығы бізді осы жаққа жіберді. Қазір жұмыс істеп жатырмыз. 85 мың жалақымыз бар. Уақтылы беріп тұрады,- дейді Дабыл Рахманқұлов.
Бәрінен де жергілікті тұрғындар ерекше қуанышты. Жұрт құрылыс аяқталып, табиғи газды тұтынатын күнді тағатсыздана күтіп жүр.
– Газ болған жоқ еді. Бірақ көпке дейін созылып қалды. Оған мінеки, қайтадан қуанышқа бөленіп, ауылымызға газ келетін болып, суымыз бар, светіміз бар, көшенің бәрі асфальтталған, енді қала болмаса да, кішігірім қала болып қалдық,-дейді Тастөбе ауылының тұрғыны Қалдыбай Білешбаев.
Ал Қаратау ауылында биыл ұзақ жылдан бері келе жатқан ауыз су проблемасы шешіледі. Қазір көше-көшеге құбырлар тартылып, терең құдық қазылып жатыр. Қырғыз елімен шекаралас жатқан елдімекен жыл соңына дейін орталықтандырылған таза сумен толық қамтылады.
Аудан бойынша 42 елді мекеннің 20-сы орталықтандырылған таза сумен қамтылған. Сондай-ақ, 26 ауыл газ тұтынып отыр. Жергілікті әкімдіктің мәліметінше, 2021 жылға қарай аудан 92 процент көгілдір отынмен қамтылады. . Аудан көлеміндегі елді мекендердің 74,1 проценті толық ауыз сумен қамтылады деген жоспар бар. Қазір Жамбыл ауданында 5 ауылға газ, 5 ауылға ауыз су кіргізіліп жатыр. Бұл жұмыстар жыл соңына дейін аяқталады. Жоспар орындалса аудандағы елді мекендер таза ауыз сумен 71, ал көгілдір отынмен 85 процент қамтылады.