Жамбыл облысына Ирландиядан 1000 бас мүйізді ірі қара әкелінеді

0 0

Жамбыл ауданындағы «Жамбыл ет» жауапкерлігі шектеулі серіктестігі Ирландия елінен 1000 бас аналық  абердин-ангус тұқымды мүйізді ірі қара малын әкелетін болады, — деп жазады «ZhambylNews» ақпараттық агенттігі.

Ағымдағы жылы жұмысын бастаған шаруа қожалығы асыл тұқымды мал басын көбейту және оны дамытумен айналысады. Сондай-ақ, қожалық егін шаруашылығын да қолға алуды жоспарлап отыр. Қазіргі таңда агроқұрылымның меншігінде 2 дана трактор, 2 дана жүк тиегіш арба және 1 дана УАЗ маркалы автокөлік бар. Аталған кәсіпорында 35 жұмысшы еңбек етеді.

Арнайы етті ірі қара мал тұқымдарының көптеген ерекшеліктері мен артықшылықтары бар. Олар жоғары ет өнімділігімен және аса сапалылығымен, тез жетілгіштігімен, өнімге азықты аз жұмсайтындығымен ерекшеленеді. Сойған кезде жеуге жарамды жүмсақ еті мол, халықаралық стандарт талабына сай шикізат алынады. Етті ірі қара шаруашылығы саласына шығын аз жұмсалады және жерді экстенсивті пайдаланатын аймақтарда тиімді ет өндіруге мүмкіндік береді.

Өңірге әкелінгелі жатқан абердин-ангусқа жем-шөбін алдына салып берудің қажеті жоқ. Табиғатынан жайылып жүріп, қоң жинауға бейім. Салмағы тез артады және сұранысқа ие мәрмәр еті өндіріледі. Ангус сиыры – қара малдың етті тұқымы.  Бабына келсе, әр ірі қара бір тоннаға дейін таза ет береді. Көзі ашық, құлағы түрік, жаңашыл шаруаларды бұл кәсіптің түрі қатты қызықтырары сөзсіз.

Аймақта жыл басынан бері 305,2 тонна ет экспортталса, оның 102,7 тоннасы сиыр еті, 202,2 тоннасы қой және 0,3 тоннасы жылқы еті.

Сонымен қатар, ағымдағы жылы «Сыбаға» бағдарламасы» арқылы 5,0 мың бас МІҚ мен 50,0 мың бас қой сатып алу көзделген. Бүгінгі күні 1 276 бас МІҚ және 21 218 бас қой сатып алынды.

Айта кету керек, қазіргі уақытта Мойынқұм ауданындағы «Мойынқұм Агро» ЖШС-гі Ресейден Қалмақ тұқымдас 1126 бас аналық МІҚ малын сатып әкелді.

2020 жылғы 1 тамызға шаруашылықтың барлық санаттарындағы мал санын өткен жылмен салыстырғанда ірі мүйізді мал 7,6%-ға (33,7 мың басқа) көбейген.

Сондай-ақ, ағымдағы жылдың қаңтар-шілде айына  талдау жасап отырған кезенде облысымыздың барлық санаттағы шаруашылықтарында 136 бас ірі мүйізді мал (өткен жылғы деңгейге 65,1%) өлім жітімге ұшыраған.

Leave A Reply

Your email address will not be published.