Жамбыл облысына Ирландиядан 400 бас ірі қара жеткізілді

0 6

Бүгін Жамбыл ауданы Жалпақтөбе ауылындағы «Жамбыл ет» ЖШС-не Ирландиядан 400 бас ангус тұқымды мүйізді ірі қара жеткізілді, — деп хабарлайды “ZhambylNews” ақпараттық агенттігі.

Бұған дейін аталған серіктестіктің Ирландиядан 1000 бас аналық МІҚ малын әкелетіні айтылған болатын.

Ағымдағы жылы жұмысын бастаған шаруа қожалығы асыл тұқымды мал басын көбейту және оны дамытумен айналысады.

Сондай-ақ, қожалық егін шаруашылығын да қолға алуды жоспарлап отыр. Қазіргі таңда агроқұрылымның меншігінде 2 дана трактор, 2 дана жүк тиегіш арба және 1 дана УАЗ маркалы автокөлік бар. Аталған кәсіпорында 35 жұмысшы еңбек етеді.

— Бүгін 400 бас мүйізді ірі қара алып келдік. Қыркүйек айының төртіне дейін әлі дәл осылай екі рет алып келеміз. Қазіргі таңда тартылған арпа және шөпті дайындап қойдық. Сондай-ақ құрал-жабдықтар, арнайы мамандар дайын. Алып келінген мүйізді ірі қаралар 10-15 айлық және олар күтімді аса қажет етеді. Сондықтан, берілетін жемге арнайы керекті дәрумендерін қосып отырамыз, — дейді «Жамбыл ет» ЖШС-і директорының орынбасары Бақыт Есқалиев.

Айта кетейік, аймақта ағымдағы жылға «Сыбаға» бағдарламасы арқылы 5,0 мың бас мүйізді ірі қара сатып алу жоспарланса, бүгінгі күні оның 1 676 басы сатып алынған.

Leave A Reply

Your email address will not be published.