Қордайда бесінші топтың жұмысы өз мәресіне жетті

0 0

Бейбітшілік пен келісім жобасы аясында Қордай ауданына келген топ мүшелері Қоғамдық келісім кеңесінің Қаракемер ауылында өткізген үшінші отырысына қатысты, деп жазады “ZhambylNews” ақпарат агенттігі.

Жиынға облыс әкімдігінің ішкі саясат басқармасының басшысы Дауыл Бейсенқұлов, облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Рахия Тұрмаханбетова, аудан әкімінің орынбасы Бейқұт Жамангозов, облыстық ардагерлер ұйымының төрағасы Еркінбек Солтыбаев, облыстық билер кеңесінің төрағасы Оңласын Есіркепов, кеңес мүшелері мен аудандық ардагерлер ұйымының мүшелері, бөлім жәнемекеме басшылары қатысты.

Шараны ашқан аудандық Қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Әбдібек Сейілханов кеңес отырысының күн тәртібімен таныстырды. Онда көктем айларындағы алғашқы отырыста көтерілген мәселе – ауданымызда мемлекеттік тіл туралы заңның іске асуы турасында аудан әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Ақсана Елеусізова баяндама жасады. Қазақ тілініңқолданылу аясын кеңейту, оның ішінде Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында қолға алынған жұмыстардың жайы мен бөлімге қарасты тілдерді оқыту орталығы арқылы іске асқан жұмыстарды тізбелеген бөлім басшысына кеңес мүшелері тарапынан қойылған сұрақтар да аз болмады. Онда кейбір округтерде мемлекеттік қызметкерлердің мемлекеттік тілді білмеуі, тіл туралы заңның сақталмауы, бизнес нысандарының маңдайшаларындағы қателер, дұрыс жазылу бойынша талаптардың сақталмауы бойынша сұрақтар қойған ардагерлер, әсіресе дүнген ауылдарында осы бағытта атқарылған жұмыстарға көңілдері толмайтындарын ашық айтты. Кеңеске қатысушылар ана тілімізге келгенде жалаң сандардан аулақ болып, нақты жұмыстарды, оның нәтижелерін көрсету керектігін алға тартты.

Осы орайда сөз кезегін алған аудан әкімінің орынбасары Бейқұт Жамангозов қазіргі таңда ауданданда құжат айналымы 100 пайыз қазақшаға көшкенін, қазақ сыныптарының саны артып, тіпті кейбір мектептердің тек қазақ тіліне ауысқанын айтып, ауданда тілді оқыту орталығын ашу бойынша құжаттың әзірленіп жатқанын жеткізді.

«Сіздердіңқойып отырған сұрақтарыңыз өте өзекті, көтерген мәселелеріңіз орынды. Дей тұрғанымен, қолға алынған жұмыстар баршылық. Ал, аталған кемшін тұстар бойынша жұмыстарды жандандыратын боламыз», — деді Бейқұт Тілебалдыұлы.

Жиында сөз алған облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Рахия Тұрмағанбетова мемлекеттік тілді үйрету орталықтары деңгейлерге бөлінгені және олар қалай жүзеге асырылатыны туралы айта келе болашақта мемлекетттік қызметкерлердің қазақ тілін игеруіне зерделеу жұмыстарын жүргізетінін айтты.

Сонымен бірге, басқарма басшысы осы күні тілді үйренудің қарапайым жолдары көрсетілген кітапшалар Масанчи, Сортөбе ауылдарында таратылып, қазақ тілін үйренушілерге арналған мобильді қосымша жасалғанын, сол қосымшаны қолдануды да тұрғындарға үйреткенін жеткізді. Бұл жұмыстарға қосымша тіл үйренуге арналған онлайн сабақтар да әзірленіпті.

Бірінші сұрақты қорытындылаған кеңес мүшелері мемлекеттік тіл туралы заңды іске асыруда Абайдың 175 жылдығы, Шәмші Қалдаяқовтың 90 жылдығы аясында дүнген ауылдарында көлемді іс-шараларды қолға алу бойынша ұсыныстарын айтып, бірқатар шешімдер қабылдады. Осыдан кейін аталмыш тақырып аясында аудандық білім бөлімінің басшысы Елдос Нұралиев баяндама жасады.

Жиын талқылауға көшкенде сөз алған Масанчи ауылдық қоғамдық кеңесінің төрағасы Исхар Лоу көтеріліп отырған мәселелерді толықтай қолдайтынын айтып, осы бағытта еңбек етіп жүрген жандарға алғысын білдірді.

«Қағаз жүзінде барлығы тамаша болып тұрғаны жақсы ғой. Алайда бізге нәтиже керек. Мәселен, ақпан айында орын алған келеңсіз жағдайдан кейін ауылдарымызда өте үлкен жұмыстар қолға алынды. Бір ғана Масанчиде барлық көше жөндеуден өтіп, жаңа мектеп құрылысы басталды. Ұзақ жылдар арман болған табиғи газ да келіп жатыр. Оны көріп көңілге қуаныш ұялайды. Ал, тіл мәселесіне келер болсақ, қазақ тілін білу барлығымыздың міндетіміз! Сол міндетті іске асыруды төменнен бастаған абзал. Сонда ғана оң нәтиже болады. Оқытушылар деңгейін арттыруға да аса мән берген жөн», — деді И.Лоу.  

Жиын соңында облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Е.Солтыбаев кеңес жұмысына ризашылығын білдіре келе, ауданымыздың Құрметті азаматы, Қарасай ауылының тұрғыны,батагөй қария Асық Уәлиевке Жамбыл облысының Құрметті ардагері атағы берілгенін айтып, тиісті құжатты табыс етсе, Қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Әбдібек Сейілхановты 75 жас мерейтойымен құттықтап, иығына шапан жауып, Алғыс хат ұсынды. Сонымен қатар, ұлтаралық қатынасты нығайтуда сіңірген еңбектері үшін Исхар Лоу, Ноғай Жайықбаев, Динлонсан Щисыр, Тұрған Жасыбаев ақсақалдар да марапатталып, сый-сияпат жасалды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.