Жамбыл облысында Қордайдағы жаппай тәртіпсіздік бойынша сот процесі басталды

0 7

2020 жылғы 3 желтоқсанда сағат 10:00-де Тараз қаласы СИ-13 тергеу изоляторы ғимаратының арнайы жабдықталған залында ағымдағы жылдың ақпан айында Қордай ауданында орын алған оқиға бойынша ашық сот процесі басталды.

Сот процесі басталар алдында өткен брифингте Жамбыл облысы бойынша Соттар әкімшісінің басшысы Б.Құлтасов Қордай ауданындағы жаппай тәртіпсіздіктер туралы іс бойынша алдын ала тыңдау процесі туралы хабардар етті.

Спикердің айтуынша, жаппай тәртіпсіздіктерге қатысқаны және басқа да құқықбұзушылықтар жасағаны үшін 51 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды, оның ішінде 33 адам қамауда, 16 азаматқа жеке кепілдік, 2 адамнан ешқайда кетпеу және тиісті мінез-құлық туралы қолхат алынды.

Спикер атап өткендей, отырыс сотталушылар мен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің қатысуымен ашық форматта өтеді. Сот процесінің ашықтығы, сот қорғауына қолжетімділік және процеске қатысушылардың жарыспалы құқықтарын іске асыруы қамтамасыз етіледі.

Сотталушылардың туыстары үшін жеке зал, ал БАҚ өкілдері үшін №2 қалалық сот ғимаратында процесс тікелей трансляцияланатын зал жабдықталған.

Өз кезегінде, Б.Құлтасов жұртшылық пен БАҚ өкілдеріне жалған ақпараттың таралуын болдырмау үшін тек ресми ақпаратқа сенім білдіруді сұрады.

Процесті Жамбыл облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы А.Замбаев, мемлекеттік айыптаушылар Д.Бұлғымбаев және Л.Мешітбаев жүргізеді. Тыңдауға 60 адвокат (51 айыпталушыны қорғауға) және 4 прокурор қатысуда.

Тергеудегі айыпталған баптардың ішінде: жаппай тәртіпсіздіктерге шақыру; жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастыру, қатысу және оған шақыру; жаппай тәртіпсіздіктерге, кісі өлтіруге және қастандық жасауға, атыс қаруын заңсыз беруге, сатып алуға және алып жүруге, қарақшылыққа қатысу; жаппай тәртіпсіздіктер барысында меншікке қарсы қылмыстар жасау; құқық қорғау органдары қызметкерлерінің өміріне қол сұғу.

Төрағалық етуші судья процеске қатысушыларға құқықтары мен міндеттерін, қорғаушы тараптың дербес компьютерлер мен ноутбуктарды қолдану мүмкіндігін түсіндірді, сонымен қатар тараптар мәлімдеген өтініштерін қарады.

Еске сала кетейік, 7 ақпанда Қордай ауданының Масаншы, Сортөбе және Аухатты ауылдарында жаппай тәртіпсіздік орын алған болатын. Оқиға салдарынан 11 адам қаза тауып, 150-ден астам адам, оның ішінде полиция қызметкерлері жарақат алды. Сондай-ақ, 156 тұрғын үй мен кәсіпкерлік нысандары, 100-ден астам көлік зақымданды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.