Жамбыл облысында «Республикалық мал өсірушілер слеті — 2021» шарасы өтті

0 13

Жамбыл облысында «Республикалық мал өсірушілер слеті — 2021» шарасы өтті. Слетте «Шəушен» шаруа қожалығының озат шопаны мен жылқышысына 15 миллион теңгеден берілді , — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.

Т.Рысқұлов ауданындағы «Тауқымыз» шипажайында ұйымдастырылған «Республикалық мал өсірушілер слеті — 2021» шарасына Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев қатысып, мал шаруашылығына арналған көрмені тамашалады. «Шəушен» шаруа қожалығының шаруашылығының жетістігімен танысты. Шаруашылықтағы асыл тұқымды мал шаруашылығы мен ауыл шаруашылығына тартылған иновациялық технологиялардың тиімділігін көрді.

Сонымен қатар Жазылбек Қуанышбаевтың 125 жылдығына орай ұйымдастырылған спорттық мəдени шараны тамашалады. Шараға қатысушылар асық атып мергендіктерін, шекен тас ойнап, ептіліктерін, қол күрестіріп мықтылықтарын танытты.   Тоғызқұмалақ, қой көтеру, кір тасын көтеру, қой қырқу мен қазақша күресте жастар жағы бақ сынасты.
Т.Рысқұловтың палуаны Ақберді Əлихан 100 килограмдық қошқарды 30 рет көтеріп жеңімпаз атанды. Қой қырқуда да Тұрар Рысқұловтықтардың мерейі үстем болды. Сонымен қатар қол-өнер көрмесімен де танысты.
Бұдан кейін іс-шара мал өсірушілердің ресми шарасына ұласты. Слетты облыс əкімі Бердібек Сапарбаев құттықтау сөзімен ашты.
— Кешелі бері атақты шопан, дала академигі Жазылбек Қуанышбаевтың 125 жылдығын республика деңгейінде атап өтудеміз. Ол кісінің туған күні Тəуелсіздігіміздің 30 жылдығымен тұспа тұс келуінің өзі бұл мерекенің маңызын арттыра түседі. Қазақтың қара шалының екі рет Социалистік Еңбек Ері атануы еңбектің арқасы, — дей келіп оның еңбегіне тоқталып өтті.

Мұнда Еңбек Ерінің ерен еңбегін ҚР Ауыл шаруашылығы министрі де атап өтіп, алдағы жылдан бастап маусым айының екінші жексенбісі республика күнтізбесінде малшылар күні болып бекітілгенін қуанышпен хабарлады.

Шара соңы төрт түлік өсіріп жүрген озат малшы қауымын марапаттауға ұласты. Озат шопан, жылқышылар «Еңбек ардагері» медалымен, құрмет грамоталарымен марапатталса, «Шəушен» шаруа қожалығының озат шопаны мен жылқышысына 15 миллион теңгеден берілді. Меркілік шопан «Ладавеста» маркалы жеңіл автокөлік мініп, мəртебесі өсті.
Шара соңы аудан, облыс өнерпаздары дайындаған концерттік бағдарламаға ұласты.

Leave A Reply

Your email address will not be published.