«Аналар кеңесі: саналы қоғам қалыптастырудағы ананың рөлі» Тараз төрінде халықаралық Аналар кеңесінің форумы өтті

0 3

14 мамыр күні қаламыздағы «Көне Тараз» көрме залында Қазақстан халқы Ассамблеясы Аналар кеңесінің ұйымдастыруымен «Аналар кеңесі: саналы қоғам қалыптастырудағы ананың рөлі» тақырыбында халықаралық форум аясындағы пленарлық отырыс өтті, — деп хабарлайды «ZhambylNews»  Ақпараттық агенттігі.

Ауқымды жиынға еліміздің әр өңірінен келген Аналар кеңесінің өкілдері, қоғам қайраткерлері, этномәдени бірлестіктер мүшелері, зиялы қауым мен шетелдік қонақтар қатысты.
Форумның негізгі мақсаты – отбасы құндылықтарын дәріптеу, ұлттық тәрбиені нығайту, ананың қоғамдағы рөлін арттыру және ұрпақ тәрбиесіндегі тағылымды тәжірибелерді кеңінен насихаттау.
Пленарлық отырысты ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және Отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мүшесі, Республикалық Аналар кеңесінің төрағасы Нәзипа Ыдырысқызы Шанаи жүргізді. Жиында сөз сөйлеген модератор Қазақстан халқы Ассамблеясы Аналар кеңесі республика көлемінде «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» жобасын төрт бағыт бойынша жүзеге асырып жатқанын жеткізді. Атап айтқанда, «Тұлға тәрбиелеген отбасы», «Бақытты ана – бақытты отбасы», «Тұғырлы отбасы – бақытты балалық шақтың бастауы», «Жақсылыққа жетелейтін жандар» бағыттарында ауқымды жұмыстар жүргізілуде.
Жалпы бүгінде республика бойынша 1755 Аналар кеңесі жұмыс істейді. Оның құрамында 12 мыңнан астам ана мен қоғам белсендісі бар. Сонымен қатар, өңірлердегі жұмысты жүйелі үйлестіру мақсатында әдістемелік орталықтар белгіленген. Оңтүстік өңір бойынша әдістемелік орталық Жамбыл облысында орналасқан.
Форум барысында Жамбыл облысы әкімінің бірінші орынбасары
Нұржан Календеров құттықтау сөз сөйлеп, аналардың қоғамдағы орны мен отбасы институтын нығайтудағы еңбегіне тоқталды.
Халықаралық жиында бұдан өзге Түркия Республикасы Мугла Сыткы Кочман университетінің профессоры Еке Учан Нагехан түркі халықтары арасындағы рухани байланыс пен отбасы құндылықтарының сабақтастығы жөнінде баяндама жасады.
Сондай-ақ, Қырғыз Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының оқытушысы Юлия Денисенко «Әйелдерді деструктивті діни ағымдарға тартудың психоәлеуметтік тетіктері» тақырыбында мазмұнды талдау ұсынды.
Форумда ҚР Президенті жанындағы Отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мүшесі, «AMANAT» партиясының хатшысы Шолпан Каринова, «Ауыл» партиясы Орталық аппараты басшысының орынбасары Айгерім Сарсенбаева, Республикалық Аналар кеңесі төрағасының орынбасарлары Меруерт Медетбекова мен Ботагөз Ақтаева сөз сөйлеп, аналардың қоғамдық тұрақтылық пен ұлттық бірлікті сақтаудағы маңызды рөлін ерекше атап өтті.
Жиынға қатысқан ел өңірлерінен келген этномәдени бірлестіктердің Аналар кеңесінің өкілдері де өз тәжірибелерімен бөлісті.
Форум аясында Жамбыл облыстық Аналар кеңесінің вандализмге қарсы жүзеге асырып жатқан «Барыңды бағала» қоғамдық жобасы таныстырылды. Жоба жөнінде облыстық Аналар кеңесінің төрағасы Эльмира Мырза-Ғали баяндама жасап, тарихи-мәдени мұраларды қорғаудағы қоғамдық бастамалардың маңызын атап өтті. Бұл бағыттағы жұмысты «Тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясы» КММ директоры Сауран Қалиұлы толықтырды.
Форум соңында ел бірлігі мен отбасы құндылықтарын нығайту жолында белсенді еңбек етіп жүрген аналар салтанатты түрде марапатталды.
Қазақстан Республикасы Президентінің Алғыс хатымен «AMANAT» партиясы облыстық филиалы жанындағы Әйелдер қанатының жетекшісі Айман Әшімова мен ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Үміт Битенова марапатталды.
Сонымен қатар, Жамбыл облысы әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хаттары қоғам белсенділері мен аудандық Аналар кеңесінің мүшелеріне табысталды.
Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Марат Әзілхановтың «Алғыс» төсбелгісі және Алғыс хатымен еліміздің түрлі өңірлеріндегі Аналар кеңесінің жетекшілері мен этномәдени бірлестіктер өкілдері марапатталды. Ал, «Аялы алақан» номинациясымен қоғамдағы қайырымдылық пен қамқорлықты өмірлік ұстанымына айналдырған ерекше еңбегі үшін — Меруерт Лештаева иеленді.
Сондай-ақ форумның ең жоғары марапаттарының бірі – «Ел анасы» атағы Жетісу облысы Алакөл аудандық Аналар кеңесінің төрағасы Ұлжалғас Дүсебаеваға беріліп, ұлт руханияты мен отбасы тәрбиесіне сіңірген еңбегі ерекше атап өтілді.
Тағылымды жиын соңында қатысушылар естелік суретке түсіп, аналардың қоғамдағы рөлін арттыру бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын таба беретіндігін айтып тарқасты.

Leave A Reply

Your email address will not be published.