Мойынқұм командасы Байзақ ауданында «Әулиеата жауһарлары» атты тарихи-танымдық экспедиция ұйымдастырды

0
135

Облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының ұйымдастыруымен Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы аясында облыс жастары арасындағы «Әулиеата жауһарлары» атты тарихи-танымдық экспедициясы өтті. Байзақ ауданына Мойынқұм ауданының жастарынан құралған топ сапар шегіп, экспедиция ұйымдастырды, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.

Мақсаты әр аудандарда құрылған арнайы экспедициялық топ басқа аудандарға барып, сол өңірдің тарихи-мәдени ескерткіштерімен, мәдениетімен, қолөнершілерімен, тарихта есімі қалған ұлы тұлғаларымен танысу еді.

Аудан жастарын облыстық тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау дирекциясы директорының орынбасары Сауран Қалиев пен аудандық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкері Айнагүл Мамытбековалар белгіленген кесте бойынша, аралатып таныстырды.

Экскурсияның бірінші күні аудандық мұражайда болған экспедициялық топ мұражайдағы тарихи экспонаттарды тамашалап, Байзақ ауданының құрылу тарихымен танысып, даңқ, тарих, археология, мәдениет, өнер және спорт, этнография залдарын аралады. Одан кейін Қарасай шатқалындағы петроглифтері қола ерте темір дәуірінде үлкен тастардың бетіне көлемі әртүрлі қос өркешті түйелер, тау ешкілері, бұғылар жеке-дара көрсетілсе, енді бір жерлерде жайылып жүрген тау ешкілері белгіленген бейнелерді өз көздерімен көріп, ары қарай Байзақ батыр Мәмбетұлы кесенесіне мінәжат етті.

Ұлы Жібек жолының бойында Ботамойнақ ауылдық округінде орналасқан Қостөбе қалашығының тарихымен танысып, ары қарай Түймекент қалашығында жалғасын тапты. «Түймекент» атауы – Түйме қыздың атынан берілген қала болған, ел аузында сақталған аңыз бойынша бұл қалада ханның Түйме атты қызы болған екен. Қаланың сырты қамалмен қоршалып, бекітілген деседі. Күндердің бір күні жау батырының көзі Түйме қызға түсіп, әкесіне құдалыққа елші жібереді. Алайда қызы мен әкесі көнбейді. Ақыры жау Түйме қыздың қаласын құлатады, бірақ мақсатына жете алмайды. Түйме қыз қаласымен бірге мерт болады.

Жастар барған келесі нысан – Сарыкемер ауылына кіреберістегі  Байзақ батыр Мәмбетұлының ескерткіштері болды. «Әдемі» ұлттық киімдер шеберханасына барып, ер, әйел, жас балалар мен қыздарға ұлттық нақыштағы шапан, көйлек тігетін шеберхана, жұмысы жастарды қызықтырмай қоймады.

Экскурсияны қорытындылай келе Әл-Фараби атындағы аудандық мәдениет үйінің директоры Амангелді Тілеповпен кездесіп, аудан жастары ауданның мәдениетімен танысты. «Бәйтерек» балалар демалыс орталығында Арыс қаласынан келген балаларға арналған мерекелік іс-шараға Мойынқұм командасы шақырту алып, ауданның жас әншілері Дүзелбай Еркебұлан мен Аман Назгүл өнерлерін көрсетіп қайтты.

Жауап калдыру

Please enter your comment!
Please enter your name here