Жамбыл облысында 72 мыңнан аса адам жеке тұрғын үй салу үшін жер кезегінде тұр

0 0

Қазіргі таңда облыс орталығы бойынша 72 мыңнан аса адам жеке тұрғын үй салу үшін жер кезегінде тұр. Ал олардың сұранысын қанағаттандыру бойынша қандай жұмыстар атқарылып жатыр? Тараз қаласындағы Сүлейменов көшесінің соңындағы бөлінген жер телімдеріне «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша бой көтеретін жеке үйлердің құрылыс қарқыны ойдағыдай жүріп жатыр ма? Бүгін облыс әкімі Асқар Мырзахметовтың төрағалығымен өткен жиын осы және өзге мәселелер қаузалды, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.

Жиында Тараз қаласының әкімі Қайрат Досаев баяндама жасап, атқарылып жатқан жұмыстар барысы туралы хабарлады. Оның айтуынша Сүлейменов көшесінің соңындағы бөлінген 22 гектар жер телімінде 255 жеке тұрғын үй бой көтеруі тиіс. Бұл бойынша төрт мердігер компаниямен келісім шарт жасалған. Қала басшысы бүгінде онда 51 тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатқанын тілге тиек етті.

Асқар Исабекұлы ондағы құрылыс жұмыстарының сылбырлығын сынға алды. Мердігерлермен жасалған келісімшарттарды қайта қарап, ондағы қос тарапқа тиесілі міндеттемелердің қаншалықты орындалып отырғандығына талдау жүргізу керектігін баса айтты. Өз кезегінде мердігерлер инфрақұрылым мәселесін алға тартып, жұмыстарға тұсау болып отырған бірқатар өзекті жайттарды атады. Сондай-ақ, бағдарлама шартына сай соғылатын жеке тұрғын үйдің шаршы метрінің құны 120 мың теңгеден аспау керек десек, мердігерлер құрылыс материалдарының бағасының қымбаттағанын жеткізді.

Өңір басшысы аталған мәселелерді уақыт созбай шешу, ол бойынша атқарылатын жұмыстардың жоспар-кестесін түзу үшін тиісті тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктеп, он күн уақыт берді. Сонымен қатар, жобаларды оңтайландыру жолдарын қарастыруды тапсырды.

Айта кетейік, «Нұрлы жер» бағдарламасының артықшылығы – жер алу кезегіне құжат тапсырған әрбір өтініш иесіне тегін жер телімі беріледі. Біріншіден, жер телімінің көлемі – 10 соттық болмақ. Екіншіден, онда инфрақұрылымдық жүйе толығымен тартылады. Үшіншіден, мемлекет жер берумен ғана шектелмей, тұрғын үйге арналған жерге үй салып беру жобасын да жүзеге асырмақ. Мұндай үйлер жергілікті атқарушы органдар арқылы жер кезегінде тұрғандарға «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі»  жүйесі арқылы ұсынылатын болады.

Сондай-ақ, «Нұрлы жер» бағдарламасы 2017-2031 жылдарға арналған.  Қазақстан Республткасы Президентінің тапсырмасымен 2016 жылдың соңында Үкімет «Нұрлы жер» бірыңғай тұрғын үй құрылысы бағдарламасын әзірледі. Бағдарлама қазақстандық отбасыларды қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз етуге арналған.

Leave A Reply

Your email address will not be published.