Жамбыл облыстық «Елдік елге байланысты» қоғамдық форумына қатысушылардың үндеуі (ТОЛЫҚ МӘТІН)

0
108

Біз, облыстық «Елдік елге байланысты» қоғамдық форумына қатысушылар, қоғамдық келісім мен саяси тұрақтылық, этносаралық және конфессияаралық бейбітшілік, бірлік пен ынтымақ, ұлттық құндылықтар сияқты қоғам мен мемлекеттің жоғары мүдделерін басшылыққа ала отырып, өңір тарихының аса маңызды кезеңі – Жамбыл облысының құрылғанына 80 жыл толуы қарсаңында облыс тұрғындарына Үндеуімізді жолдаймыз.

Қазақ халқы бірліктің күнделікті тіршіліктегі орны мен маңызын жоғары бағалап, «Бірлік болмай тірлік болмас», «Бірлік түбі – береке», «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді», «Бақыт – бірлікте, байлық – еңбекте» деп түйген. Бірлікті ыдыратып, ірітуші күш – рушылдық, күншілдік, іштарлық, араздықтық деп тауып, жұртшылықты мұндай жағымсыз қасиеттерден бойын аулақ салуға шақырған. Бірлік елдіктің, ұлт болып ұйысып отырудың басты кепілі саналған. Сондықтан да, ел тізгінін қолына ұстаған ардақты адамдар – хандар, билер, аузы дуалы ақсақалдар ел ішіндегі асқынған дау, ушыққан жанжалдың жолына тосқауыл қоярда ел бірлігіне сына түспеу жағына баса назар аударған.

Міне осы бірлігіміз бен тірлігіміздің арқасында, Елбасының сарабдал саясатын ұстанып, тәуелсіздік жылдары іргелі мемлекет болып қалыптастық, өзгемен тереземізді теңедік, тұрмысымызды түзедік, бұрын қиял болып көрінген көрсеткіштерге қол жеткіздік.

Десек те, жаһандық әлеммен қабыспайтын, ұлттың дамуына кедергі келтіріп, ел ішіне іріткі салатын өткеннің кейбір кертартпа дағдылары мен әдеттерінен күні бүгінге дейін арыла алмай отырғанымыз жасырын емес. Олар: жең ұшынан жалғасқан жемқорлық, жершілдік, тамыр-таныстық, жүзшілдік пен рушылдық, ысырапшылдық пен астамшылдық, даңғойлық пен кердеңдік, орынсыз салтанат, қанағатсыздық пен үнемсіздік. Өркениетілікке емес өсекке, зиялылыққа емес зияндыққа, парасаттылыққа емес пасықтыққа, ізгілікке емес ібілістікке жетелейтін мұндай «ғұрыптардан» құтылатын кезең келді.

Ендеше, қазақ қоғамында шілдеханадан бастау алатын аста-төк тойлар, мәні мен мағынасы мүлде ескірген ырым-жырымдарды, ертеден қалған ескілік сарқыншақтарын тұтас реформалайтын, бұлардың концепцияларын қазіргі заман талаптарына сай түбегейлі өзгертетін шешім қабылдауды жергілікті атқарушы және өкілетті органдардан сұранамыз. Өйткені, әлемнің бірқатар елдері, оның ішінде көршілес Өзбекстан Республикасы жоғарыда аталған мәселелерге байланысты арнайы қаулы қабылдағаны баршаға аян.

«Іргелі елдің іргесін есер ағым бұзар» дегендей, бүгінгі таңда деструктивті діни ағымдардың ел арасына етене еніп, жастардың санасын улап жатқаны да барша жұртты алаңдатып отырған күрделі мәселе. Бұл үрдістің тамырына балта шауып, ұлағатты ұрпақ тәрбиелеуде зайырлы білімді ұлттық құндылықтарымызбен сабақтастыра отырып түсіндіру – баршамыздың басты мақсатымызға айналуы тиіс. Бұл игілікті істен облысымыздың діни ұйымдары шет қалмайтынына сенімдіміз.

Жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары «Туған жерге тағзым», «Жаныңда жүр жақсы адам», «Мерейлі отбасы», «Ата салтымызды ардақтайық», «Шашу – оңай, жинау – қиын» тәрізді жобаларды насихаттауға бет бұруы тиіс.

Бүгінде әлеуметтік желі елге жаңалық тарататын ақпарат көзіне айналды. Ондағы кейбір белсенді қолданушылар елді араңдатып, іріткі салып, өзінің емес өзгенің пайдасына әрекет етуде.

Желідегі бір адамның пікірі – көпшіліктің пікірі емес. Соны ажырата білген жөн. Барлық игілік еңбекпен, бірлікпен келеді. Ал, дау-жанжал ешқашан береке әкелген емес.

Жеті тілде мүдірмей сөйлеуге, жетпіс өнерді жете игеруге қабілетті қазақ халқының бауырлас диаспораларды бауырына тарта отырып, еліміздің жиырма бірінші ғасырдың жаһандық картасында дербес орны бар, мәртебелі мемлекет болуына бір кісідей атсалысатынына кәміл сенеміз!

Бүгінгі пікір алмасудың өзектілігі мен маңыздылығын атап өте отырып, біз, облыстық қоғамдық форумға қатысушылар, облыс халқын Ел Президенті айқындаған стратегиялық бағытқа, аймақ басшысы А.Мырзахметовтың өңір тұрғындарының табысын арттыруға бағытталған бастамасына қолдау көрсетуге, ортақ мәдениетіміз бен дәстүрімізді жаңғыртуға, жетім мен жесірге мейірімділік танытып, қараусыз қалған қарттарға ерекше көңіл бөлуге, ең басты құндылығымыз – татулық, бірлік пен ынтымақты көздің қарашығындай сақтауға белсенді үлес қосуға шақырамыз.

Тәуелсіздігіміздің тұғыры биік, мемлекетіміздің мерейі үстем, еліміздің болашағы баянды болғай!

Жауап калдыру

Please enter your comment!
Please enter your name here