«Балалар үшін бірге» атты бүкілқазақстандық акциясы өтуде

0 11

Бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында «Бала құқықтары туралы БҰҰ-ның Конвенциясын қабылдауының 30 жылдығы және ратификацияланғанына 25 жылдығына орай, «БАЛАЛАР ҮШІН БІРГЕ», «Зорлық-зомбылықсыз балалық шақ» атты республикалық ақпараттық науқан туралы» тақырыбында баспасөз конференциясы өтті, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.

Жиынға облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Жамалов Талғат Салқанұлы, облыстық полиция департаментінің жергілікті полиция қызметі басқармасының ювеналдық полиция бөлімшесінің бастығы Қалжанов Қуанышбек Жақсылықұлы және облыстық денсаулық сақтау басқармасының ана мен баланың денсаулығын қорғау бөлімінің басшысы Шатаева Әлия Өзбекқызы қатысты.

30 жыл бұрын 1989 жылдың 20 қарашасында БҰҰ Бас Ассамблеясы Бала құқықтары туралы Конвенцияны қабылдады. 1994 жылы Бала құқықтары туралы Конвенцияны Қазақстан Республикасы ратификациялады.

Білім және ғылым министрлігі атаулы күндерді мерекелеу құрметіне ү.ж. 25 қазан мен 25 қараша аралығында «Балалар үшін бірге» атты бүкілқазақстандық акциясын жариялады.

Акция шеңберінде мектепке дейінгі, мектеп жасындағы балалар, оқушы жастар, педагогтар мен ата-аналар үшін балалар мен ересектердің Конвенцияның негізгі ережелері туралы, өз құқықтары мен міндеттері туралы хабардар болуын арттыруға, балалардың шығармашылық және зияткерлік қабілеттерін дамытуға, баланың өмірін жақсартуға жәрдемдесуге бағытталған бірқатар іс-шаралар өткізу жоспарлануда.
Негізгі іс – шаралардың ішінде – «Отбасы – тәрбие басы, Мектеп – тәрбие жаршысы» атты бірыңғай сынып сағаты, БҰҰ ЮНИСЕФ Балалар қорымен бірлесіп «Қазіргі және болашақ: әр бала үшін қорғалған балалық шақ» атты дүниежүзілік сабақ, «Бала құқығы-адам құқығы» декадасы, «Қатыгездіксіз және зорлық-зомбылықсыз Балалық шақ» республикалық ақпараттық кампаниясы, түрлі тәрбиелік, тақырыптық, оқыту және дамытуға бағытталған іс-шаралар бар.

БҰҰ Бала құқықтары туралы Конвенциясының қабылдануының 30 жылдығы мен Қазақстан Республикасында ратификациялануының 25 жылдығын және Дүниежүзілік бала күнін мерекелеу жөніндегі іс-шаралар жоспары Тараз қаласы мен аудан әкімдіктеріне жолданды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.