Байзақ ауданында бір күнде төрт нысан ашылды

0 0

Байзақ ауданында бір күнде төрт нысан ашылып, барлығы да су жаңа аппараттармен халыққа сапалы дәрігерлік қызмет көрсетуді бастап кетті. Жыл соңына дейін Ақшолақ, Үшбұлақ, Жеңіс және Қосақ елдімекендерінде медициналық тіректер ашу жоспарланып отыр, деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.

Жамбыл облысының 80 жылдық мерейтойы мен Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні мерекесі қарсаңында ел игілігіне ұсынылған нысанның алғашқысы Байзақ ауылындағы «Кеңес» фельдшерлік – амбулаториялық тірегі болды.

Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шеңберінде жүзеге асырылып салынған аталмыш денсаулық сақтау нысанының жалпы құны 26 миллион теңгені құраған. Он келушіге арналған тірек ауылдың бір мың үш жүзден астам халқына қызмет көрсететін болады.
Жаңа нысанның салтанатты ашылу рәсіміне аудан әкімі Нұржан Нұржігітов қатысып, ауыл тұрғындарын қуанышты сәттерімен құттықтады. Өз кезегінде Ботамойнақ ауылдық округі ақсақалдар алқасының төрағасы Асқар Бекбауов тұрғындар атынан ризашылығын білдірді.

Жаңа әлеуметтік нысанның лентасын Ботамойнақ ауылдық округі ақсақалдар алқасының төрағасы Асқар Бекбауов пен еңбек ардагері Кеулімжай Шартықбаев қиған соң аудан басшысы мен жергілікті тұрғындар фельдшерлік — амбулаториялық тіректің қызмет бөлмелерін аралап көрді.
Тіректе фельдшерлік, екпе және қабылдау бөлмелері орналасқан. Олардың бәрі де толықтай заманауи жаңа үлгідегі аппараттармен жабдықталып, білікті мамандар ауыл тұрғындарының барлығына да қажетті медициналық көмек көрсетуге әзір. Енді мұнда күнделікті денсаулығына шағымданған жандарға кез-келген көмек көрсетілетін болады.

Бұдан соң Ботамойнақ ауылында жалпы құны 22 миллионды құрайтын бес келімге арналған медициналық тіректің лентасы салтанатты түрде кесіліп, ауыл халқының пайдалануына ұсынылды.
Салтанатты шараға қатысқан аудан әкімінің орынбасары Дәуір Дәулетов, ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы Есенқұл Мақұлбаев ретімен сөз алып, жылы лебіздерін білдірді.

Ауыл қариялары Есенқұл Мақұлбаев пен Алтынбек Әбілдаев жаңа әлеуметтік нысанның лентасын салтанатты түрде қиып, баталарын берді, сәттілік тіледі. Медициналық тірек 5 науқасты бір сәтте қабылдап, көмек бере алады. Кабинеттер толықтай заманауи аппараттармен жабдықталып, білікті мамандар ауылдағы 454 тұрғынға қажетті медициналық жәрдемдер жасауда. Мұнда күнделікті денсаулығына шағымданған жандар, әсіресе, қарт жастағы адамдар, балалар мен жүкті әйелдер, мектеп жасындағы жеткіншектер қажетті ем-домдарын, кеңестерін ала алады.

Айта кетейік,  аудан әкімінің салалық орынбасарларының қатысуымен екі елдімекенде медициналық тіректер ашылды. Атап айтқанда, 210 тұрғыны бар Жаңасаз ауылы мен 224 тұрғыны бар Бағара ауылында бес келімге арналған медициналық тіректер өз жұмыстарын бастады.

Leave A Reply

Your email address will not be published.