Тұрар Рысқұлов ауданында Ленинград қоршауында болған азаматша тұрады

0 17

Тұрар Рысқұлов ауданында сұрапыл соғыстың куәгері тұрады. 4 жасында Ленинград қоршауында қалып, 1955 жылы Ақыртөбе станциясына мұғалім болып келген Вера Александровна Жамбыл жеріне тұрақтап, зейнет жасына дейін ұстаздық еңбек еткен , — деп жазады  «ZhambylNews” ақпараттық агенттігі.

Ресей жерінде 1937 жылдың қаңтар айының 19 күні Ленинград қаласында аға лейтенант Корнилов Александр Сергеевич пен педагог Корнилова Злата Александровнаның отбасында жас сәби дүниеге келді. Ол сәби Корнилова Вера Александровна болатын.

Сұрапыл соғыс басталған 1941 жылы алғашқылар қатарында әкесі Александр Сергеевич соғысқа атанған. Сол кезде Вера Александровна 4 жасында анасымен қоршауға алынған Ленинград қаласында қалады. Сол қиын-қыстау сәтте анасынан да айырылып, жалғыз қалған бүлдіршін қыз Краснодардағы балалар үйіне түседі. Осы Краснодар қаласында 7 жылдық мектепті үздік тәмәмдап, Ленинград қаласындағы педагогикалық училищеге емтихансыз қабылданып, 4 жылдан соң мұғалім болады.
Дипломы бар жас маман 1955 жылы Кеңес үкіметінің шешімімен Республика көлемінде мұғалімдер тапшы аймақтарға жас педагогтарды жөнелту бағдарламасымен Вера Александровна Түрксіб теміржолының бойындағы Ақыртөбе станциясына мұғалім болып келіп, осында тұрақтап қалады. Сонымен қатар осындағы клубта жастардың көркемөнерпаздар ұйымы жетекшісі де болған. Міне осы клубта ән шырқайтын жас өнерпаз, өзінің болашақ жолдасы Сопельник Михаилмен танысып, отау құрады. Вера Александровна зейнет жасына дейін Ақыртөбе орта мектебінде ұстаз болып қызмет атқарған. Ал жолдасы Михаил Игнатьевич тың игеруші, кейін Ақыртөбе жерасты газ қоймасында жұмыс істеген. Отбасында 2 қыз, 1 ұл тәрбиелеп,өсірді.

Қазіргі уақытта Вера Александровна Ақыртөбе ауылында ұлы Владимир және келіні Иринамен бірге тұрады. Ұлынан 4 немере, қыздарынан 3 немерелері бар.
Ардагер ұстаз бар саналы ғұмырын жас ұрпақ тәрбиесіне арнап,тәуелсіз еліміздің дамуына өз үлесін қосты.Еңбегімен елге танылды.

Қанқұйлы соғыстың зардабын тартып,бақытты балалығынан,ең жақыны ата-анасынан айырылған Вера Александровна елде бейбіт заман болуын қалайды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.