Елордадағы жәрмеңкеде жамбылдық фермерлер 300 тоннаға жуық ауылшаруашылық өнімдерін ұсынады

0
31

Елордадағы жәрмеңкеде жамбылдық фермерлер 300 тоннаға жуық ауылшаруашылық өнімдерін ұсынады, — деп хабарлайды «ZhambylNews» ақпарат агенттігі.

Жергілікті ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің тауарлары тиелген он үлкен жүк көлігі елордаға аттанды. 12-13 қыркүйек аралығында «Хан шатыр» сауда ойын — сауық орталығы жанындағы алаңда өтетін жәрмеңке барысында Жамбыл өнімдері сатылатын болады.

Жамбылдықтар елорда тұрғындарына құны 320 миллион теңге болатын 282,6 тонна азық-түлік өнімдерін ұсынбақ. Тоңазытқыштармен жабдықталған автокөліктермен елордаға ет, балық, шұжық, сүт, кондитерлік және макарон өнімдері, өсімдік майы, бал, кептірілген жемістер мен көкөністер жеткізілмек. Олардың бәрі нарық бағасынан 10-20 пайызға төмен бағада сатылатын болады. Өнімдерді Жамбыл облысының 10 ауданы мен Тараз қаласынан 90 ауылшаруашылық тауар өндірушілері ұсынуда.

Т.Рысқұлов ауданынан астанаға «Подгорное» ЖК-нің құны 1,5 миллион теңгенің шұжық өнімдері жөнелтілген. Ал, Байзақ ауданының «Раушан» шаруа қожалығы Нұр-Сұлтанға қара өрік, алма, жылыжай қияры мен қызанақ, жүзім және Жамбыл ауданының «Аса — Даму» ЖШС-і бес мың дана жұмыртқа жіберген.

Жәрмеңкеде таластық «Аянұр» және «Айнар» шаруа қожалықтары екі тонна сиыр етінің келісін 1700 теңгеден сатуды жоспарлап отыр. Айта кетейік, барлық өнімдер санитарлық-ветеринарлық талаптарға сәйкес келеді және тауардың сапасы мен шығуы туралы сертификаттарға ие.

Жалпы, жыл басынан бері жамбылдық ауылшаруашылық тауар өндірушілері 155 миллиард теңгенің өнімін өндірсе, оның 2,8 пайызы ет өнімдері, 1,9 пайызы сүт өнімдері, 1,7 пайызы жұмыртқа құрайды.

Жауап калдыру

Please enter your comment!
Please enter your name here