Жамбыл облысында 13 дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынды

0 0

Онлайн форматта өткен халыққа есеп беру кездесуінде Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев өткен жылы облыста 13 дене шынықтыру-сауықтыру кешені мен 92 спорт алаңшасы пайдалануға берілгенін тілге тиек етті, — деп хабарлайды “ZhambylNews” ақпарат агенттігі облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Спортпен жүйелі түрде айналысатын азаматтардың үлесі 32,2 пайызға жетті. Биыл тағы 8 дене шынықтыру-сауықтыру кешені бой көтермек.

— Ең бастысы – спорт кешендерінің саны емес, оларды тиімді пайдалану. Біз спорттық нысандардың жүктелуі мен жұмыс режимін қадағалаймыз. Салауатты өмір салтын ұстанатындардың барлығы үшін спорт кешендерінің есігі әрдайым ашық болуы тиіс, — деп атап өтті аймақ басшысы.

Өткен жылы мәдениет саласы да назардан тыс қалған жоқ. Байзақ және Жамбыл аудандарында бес жаңа мәдениет үйі мен ауылдық клубтар салынды. Онлайн форматта 12 мыңнан астам мәдени-бұқаралық іс-шара өтті.

Мәдениет саласындағы 1,8 мың қызметкердің жалақысы 35 пайызға, спорт саласының 1 мыңнан астам қызметкерінің жалақысы 25 пайызға артты.

Ал, туристік нысандар саны 37-ден 65-ке дейін, туристік маршруттар саны 22-ден 45-ке өскен. «Тектұрмас» этно-тарихи кешені қала қонақтары мен тұрғындарын қызықтыратын орынға айнала білді. Бүгінде жаңғыртудың екінші кезеңі бойынша жұмыстар жүргізілуде, ол ағымдағы жылы аяқталмақ.

— Туризм саласын дамытуға бағытталған 10,7 миллиард теңге көлемінде 8 инвестициялық жоба іске асырылуда. 450 жаңа жұмыс орны ашылады, — деді Бердібек Сапарбаев.

Республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының бойында жол бойы сервисінің 63 нысаны салынған десек, оның 35-і ұлттық стандарт талаптарына сәйкес келеді.

 
Leave A Reply

Your email address will not be published.