Жуалы ауданының әкімі тағайындалды

0 7

Жамбыл облысы әкімінің өкімімен Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің және аудандық мәслихат депутаттарының келісімімен Олжас Қаржауов Жуалы ауданының әкімі болып тағайындалды.

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев жаңа басшыны аудан активіне таныстырды.

Аймақ басшысы ауданның жаңа әкіміне ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы, заңдылық пен тәртіпті нығайту бойынша бірқатар міндеттер жүктеді.

— Нарбай Ергебеков Жуалы ауданының дамуы жолында көп тер төкті десек, оған сол үшін алғыс айтқым келеді. Олжас Қаржауов – жас басшы. Сіздер оны қолдап, аудан игілігі үшін бірлесе жұмыс жасайтындарыңызға мен сенемін,- деді Бердібек Сапарбаев.

Өз кезегінде Нарбай Ергебеков ауданның дамуы жолында аянбағанын жеткізіп, Олжас Қаржауовқа сәттілік тіледі. Ал, ауданның жаңа әкімі бұл тағайындаудың өзіне үлкен жауапкершілік жүктейтінін тілге тиек етіп, қолдау көрсеткені мәслихат депутаттарына рахметін білдіріп, белсенділерді бірге жұмыс істеуге шақырды.

Жуалы ауданы ауыл шаруашылығы бағытында үлкен әлеуетке ие. Осыны ескерген облыс әкімі көкөніс шаруашылығы мен мал шаруашылығын шалқытуға, су қорын қалыптастыруға, су үнемдеу технологияларын енгізуге, көкөністерді сақтау қоймаларының санын арттыруға ерекше назар аудартты. Сондай-ақ, ауданда туризмді, атап айтқанда жол бойындағы сервисті дамытуға серпін беру тапсырылды.

Аймақ басшысы Олжас Қаржауовқа тұрғындардың сұрақтары мен шағымдарына уақытылы жауап беруді, ал ауылдық округ әкімдеріне аудан мектептерінің түлектерімен белсенді түрде жұмыс жүргізуді жүктеді.

Қаржауов Олжас Есалханұлы 1983 жылы туған.

Ол Алматы экономикалық университетін «қаржы және несие», М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетін «құқықтану» мамандықтары бойынша бітірген.

Еңбек жолын 2003 жылы жеке сектордан бастаған.

2005-2014 жылдары жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінде басқарушы лауазымдарда, 2014 жылғы шілде-желтоқсан аралығы Қазақстанның ұлттық кәсіпкерлер палатасының өңірлік даму департаментінің эксперті, директор орынбасары, 2015-2017 жылдары Алматы қаласының Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары, Маңғыстау облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры, 2017-2018 жылдары «Атамекен» Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасының департамент директоры-басқарушы директоры, Басқарма төрағасының орынбасары, 2018-2020 жылдары Түркістан, Жамбыл облыстары Кәсіпкерлер палаталарының директоры қызметтерін атқарған.

2020 жылғы мамырдан бастап бүгінгі күнге дейін «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамының Басқарма төрағасы лауазымында жұмыс жасап келді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.