Сарысу ауданының тұрғыны тоқу өнерін кәсібіне айналдырған

0 0

Сарысу ауданының тұрғыны, он саусағынан өнері тамған жас келіншек педагог ұйымдастырушы болып жұмыс істейтін Назира  Ыдырысова қолы қалт етсе ілгегі мен білтегішін алып, оюлатып тоқыма тоқумен айналысады. Көңілі қалаған керек затын қол өнермен ұштастырып, өнерінің парқын арттырып отыр , — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.

-«Бала күнімде өзімнен үлкен әпкелерімнен үйренген өнерім, бүгінде сүйікті ісіме айналды. Кішкентай күнімнен бұл іске аса қызығушылық таныттым. Бойжеткен шағымда іздене бастадым. Ол кезде бүгінгі күндегідей ғаламтор қатты дамымаған еді. Газет, журналдардан тоқудың жолдарын іздеп, үйренген кездерім де болды. Туысқаным нәрестелі болып, жаңа туған сәбиге арнайы сыйлық ретінде күртеше, бас, киім, балаға арналған қолғапты өз қолыммен тоқып, анашым сыйлыққа тарту етті. Үлкен еңбекпен жасалған дүниені жас нәрестеге сыйлыққа табыстау мен үшін үлкен қуаныш болды. Ал бүгінде үйренемін деген адамға мүмкіндік бар. Мен керектінің барлығын ғаламтордан оқып, үйреніп келемін. Ал, шұлықтың осы түрін тоқуды осыдан алты жыл бұрын көршім Эльмира Кисекбаевадан үйрендім. Бір көргеннен қатты ұнады. Ол кісі тоқылу жолдарын үйретті.
Қолымнан шыққан туындыны кейде қолжетімді бағада сатсам, кейде сыйлық ретінде табыстағанды жөн санаймын. Өнерім өзіме қатты ұнайды және бүгінде бұл іссіз өзімді елестете алмаймын. Жаз бойы үйде отырып, қолым қалт еткенде, жұмыстан келе салып теледидарды қарап отырып тоқимын. Ал қыста тапсырыстар көп түседі. Қосымша табыс көзім, хоббиым десем де болады. Бұл шұлықтың ерекшелігі табаны былғары болғаннан соң тез жыртыла қоймайды. Көп жыл киюге болады,-дейді қолөнер шебері.

Оның жасаған бұйымдарына қарап, өнері мен қиялында шек жоқ екенін аңғаруға болады. Заманауи үлгіде тоқылған киім-кешекке қарап, үлкен ыждаһаттылық, мұқияттылық, еңбектің арқасы екендігін байқай аласың.

Керісінше өзінің жасаған жұмысынан ләззат алып, аса қуанышпен орындайды. Ол үшін басты мақсат – жұмысының нәтижесі мен жақындарының ризашылығы және табыс көзі.

Қол өнердің құндылығын сақтап, тоқыма өнерінің тілін тапқан Назира Темірханқызы, бір үйдің отынын түтеткен аяулы жар, асыл ана. Үш ұл, бір қыз перзентіне жақсы тәрбие беріп, аналық мейірімін сыйлауда. Басты орынға әркез отбасының берекесін қойған Назира бірлікпен тірлік етуді жақсы біледі. Болашақта кішкентай қызы өнерін жалғап, нағыз ісмер атанса деген арманы бар.

Leave A Reply

Your email address will not be published.