Елімізде сауда көлемі 61 трлн теңгеге жетті

0 33

Биыл тоғыз айдың қорытындысы бойынша сауда көлемінің тұрақты өсімі байқалады. Бұл жөнінде Үкімет отырысында Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев мәлімдеді.

– Физикалық көлем индексі 106,2%-ды құрап, сауда көлемі 61 трлн теңгеге жетті. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда шамамен 16%-ға жоғары. Көтерме сауда 16%-дан асса (40,7 трлн теңге), бөлшек сауда 15%-ға (20,5 трлн теңге) өсті, – деді ол.

Арман Шаққалиев
Фото: Үкімет

Сонымен қатар, тоғыз айда еліміздің барлық өңірінде жақсы көрсеткіш сақталды. Тауар айналымының 70%-дан астамы Алматы, Астана, Шымкент қалаларына және Атырау мен Қарағанды облыстарына тиесілі.

Ең жоғары өсім көрсеткендер:

Түркістан облысы – 128,6%;

Шымкент қаласы – 123%;

Алматы облысы – 120,5%;

Павлодар облысы – 118,2%;

Солтүстік Қазақстан облысы – 116,1%.

Министрдің сөзінше, негізгі өсімді он тауар тобы қамтыды. Олар тауар айналымының 70%-дан астамын қамтамасыз етті. Аталған өнімдерге автокөліктер, тұрмыстық техника, фармацевтикалық өнім, сусындар, азық-түлік өнімдері, сондай-ақ құрылыс материалдары сияқты өңделген тауарлар жатады.

Одан бөлек, Арман Шаққалиев сауданың одан әрі өсуін қамтамасыз ету үшін шаралар кешені іске асырылып жатқанын атап өтті.

Айта кетейік, бұған дейін Үкімет отырысында Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин инфляция бәсеңдегенін айтқан еді.

 

Пікір қалдырыңыз

Your email address will not be published.