Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов Байзақ және Жамбыл аудандары әкімдерінің халық алдындағы есеп беру жиындарына қатысты

0
89
Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов Байзақ және Жамбыл аудандары әкімдеріінің халық алдындағы есеп беру жиындарына қатысты.
Байзақ ауданның әлеуметтік-экономикалық даму жолында бірқатар шаруалар атқарылғанымен әлі де өзекті мәселелер баршылық. Рахматілдә Сегізбайұлының ел алдындағы есебі тыңдалғаннан кейін аудан халқы жарыссөзге шығып, күні бүгінге дейін шешімін таппай отырған мәселелерді ортаға салды. Ең алдымен сөз тізгіндеген Сарыкемер ауылы Маяковский көшесінің тұрғыны Қонысбай Жанбаев, ауылдың аудан орталығы бола тұра, әлі күнге тазалық жұмыстары өз деңгейінде атқарылмай, көше бойында шашылып жатқан өлі жан-жануарларды, қордаланған қоқыстарды,  тұрмыстық заттардың қалдығы уақытылы тазартылмайтынын сынға алды. Бұған қоса зейнеткер аудан тұрғындарын алаңдатып отырған жарықтандыру мәселесін  көтерді. Тас қараңғы тар көшеде ой-шұңқырға тайып құлап, майып болған жандар да аз емес екен. Ауылдың әкімі Сауле Тілеуқұлова да аудан орталығындағы 14 көшеде жарық өткізілмегенін растады. Бірақ бұл мәселе биылғы жоспарларында қамтылып отыр екен. Қоқыс тазалау жөнінде қазір ауылда ақылы қызмет көрсетілетін көрінеді. Соның өзінде іс қадағалауды қажет етіп отыр. Ал Қызыл Жұлдыз ауылының тұрғыны Әзімбек Дүйсенбаев ауыз су мәселен алға тартты. Оның айтуынша, 1986 жылы іске қосылған су жүйесі тозығы жетіп, істен шыққан. Ауыл халқы ауыз суды қысы-жазы құдықтан тартып ішуге мәжбүр. Аумағындағы жер облыс орталығына қарағандықтан, қазір ауылдың өз алдына ауыз суға арналған насос станциясын соғуға мүмкіндігі жоқ. Себебі жер Тараз қаласына қарайды. Сондықтан аталған ауылдың тұрғындары жаңадан бой көтеретін Тараздағы №14-мөлтек ауданның  су жүйесіне қосылуды тиімді санап отыр. Расында да аудан әкімінің айтуынша Қызыл Жұлдыз ауылындағы бас-аяғы 960 түтіннің  небәрі 263-і ғана орталықтандырылған ауыз су жүйесін пайдаланып отыр екен. Ал насос станция салуға таңдап алынған жер төмен орналасқандықтан Тараз қаласы әкімдігіне аудан халқының өтініші бойынша ұсыныс беріліпті. «Байназаров» шаруа қожалығының жетекшісі Хамидулла Байназаров қант қызылшасын егу ісіндегі бірқатар мәселелерді атап өтті. Оның айтуынша, қазір мемлекет тарапынан берілетін ұрық та, техника да жоқтың қасы. Ал өнімнің 1 тоннасынан 35 мың теңгедей пайда көріп отырған Қант зауыты әлі күнге шаруалармен серіктестік байланыс орнатпаған. Тіпті зауыттағы техниканың да тозығы жеткен көрінеді. Қызылша егуге жұмсалатын қаражат көлемі жылдан жылға өссе де өнімнің бағасы көтерілмеген. Ал оған қажетті ағын судың өзі 32 теңгеден 39 теңгеге қымбаттапты. Шаруаның айтуынша, қызылшаны кемінде 12 рет суару қажет екен. Бұған қоса 1 гектарына шақтап берілетін 350 келі тыңайтқыш та аздық ететін көрінеді. Шаруалар өнімнің 1 гектарына толыққанды 1 тонна 200 келідей тыңайтқыш пайдаланылатынын алға тартты. Сонымен қатар аудандағы шаруа қожалық иелері несиенің шаруаға емес, банктің пайдасына шешілетінін де сынға салып, жанар-жағармай, субсидия мәселелеріне қатысты ойларын ортаға салды. Түймекент ауылдық округінің тұрғыны Ербол Шымырбаев республикалық маңызы бар басты жолдан жергілікті тұрғындардың қауіпсіздігі үшін жаяу жүргіншілерге арнап көпір салынса деген ұсыныс айтса, Ақбұлым ауылының тұрғыны Нілзия Рақышева ауданның жетпіз пайызы ауыз сумен қамтылғанымен, аудан орталығы суға мұқтаж болып отырғанын баса айтты.. Жиынды қорытындылаған облыс әкімі Асқар Исабекұлы тұрғындар тарапынан қойылған орынды сауалдарға орнықты жауап беріп, мәселелердің тиімді шешімін қарастыру жайында ойын ортаға салды. Тазалық, ауыз су мен ағын су мәселелерін шешуді қолға алып, тұрғындар көтерген салмақты сауалдар бойынша жұмысты жүйелендіруді тапсырды.
Жамбыл ауданының әкімі Бақыт Қазанбасовтың есепті жиыны аудандық мәдениет үйінде өтті. Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтың өзі қатысқан жиында аудан басшысы жыл ішінде жеткен жетістіктерді баяндап, алда тұрған жоспарлы міндеттерге де тоқталды. Бақыт Алпысбайұлы былтыр шаруалардың ала жаздай еккен қант қызылшасы кәдеге жарамай, мал азығы ретінде пайдаланылғанына қынжылысын білдіріп, биыл бұл олқылықтың орнын толтыруға күш салатындығын айтты.
Баяндама тыңдалғаннан кейін жарыссөзге кезек берілді. Ең алдымен сөз алған Бесағаш ауылдық округінің  ақсақалдар кеңесінің төрағасы Жексенбай Бөрібеков Түркісіб ауылында демографиялық жағдай жыл санап жақсарып келе жатқандықтан,  елді мекенге қосымша бір мектеп салу жағын қарастыруды сұрады. Ал, Өрнек ауылдық округі ақсақалдар кеңесінің төрағасы Оңласын Атыхаев Өрнек-Тоғызтарау және Өрнек-Ерназар ауылдарына апарар жолдардың сапасы сын көтермей тұрғанын қозғап, осы мәселені оңтайлы шешуді өтінді. Аудандық Ауған соғысы ардагерлері кеңесінің төрағасы Дәурен Нұрғалиев болса, Б.Момышұлы атындағы орта мектептің бұрынғы ескі ғимаратын спорт мектебіне айналдыруды ұсынды. Және облыс орталығына тиіп тұрған ауданның 13 ауылына әлі күнге дейге  көгілдір отын тартылмағанын  сынға алды.
Бұдан бөлек, Шайдана ауылының тұрғыны Амангелді Қоңырбаев Шайдана мен Сеңгірбай ауылдарының балалары Пионер ауылына қатынап оқитындықтан, елдімекендер арасында жүретін автобусты жаңартуды сұранды. Ал, шаруа Алпысбай Жұмаханов болса, аудан аумағындағы егістік жерлердің кезінде жекешеленіп кетуіне байланысты  еңбеккерлердің өнімді құнарлы жерге еге алмай отырғанына қынжылыс білдірді.
Жиында көтерілген осы және өзге де мәселелер бойынша аудан әкімі толыққанды жауаптар  қайтарып, түйіні қиын түйткілдердің жергілікті биліктің жіті назарында болатындығын айтты.

Дереккөз:  zhambyl.gov.kz

Жауап калдыру

Please enter your comment!
Please enter your name here