Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов Байзақ және Жамбыл аудандары әкімдерінің халық алдындағы есеп беру жиындарына қатысты
Жамбыл ауданының әкімі Бақыт Қазанбасовтың есепті жиыны аудандық мәдениет үйінде өтті. Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтың өзі қатысқан жиында аудан басшысы жыл ішінде жеткен жетістіктерді баяндап, алда тұрған жоспарлы міндеттерге де тоқталды. Бақыт Алпысбайұлы былтыр шаруалардың ала жаздай еккен қант қызылшасы кәдеге жарамай, мал азығы ретінде пайдаланылғанына қынжылысын білдіріп, биыл бұл олқылықтың орнын толтыруға күш салатындығын айтты.
Баяндама тыңдалғаннан кейін жарыссөзге кезек берілді. Ең алдымен сөз алған Бесағаш ауылдық округінің ақсақалдар кеңесінің төрағасы Жексенбай Бөрібеков Түркісіб ауылында демографиялық жағдай жыл санап жақсарып келе жатқандықтан, елді мекенге қосымша бір мектеп салу жағын қарастыруды сұрады. Ал, Өрнек ауылдық округі ақсақалдар кеңесінің төрағасы Оңласын Атыхаев Өрнек-Тоғызтарау және Өрнек-Ерназар ауылдарына апарар жолдардың сапасы сын көтермей тұрғанын қозғап, осы мәселені оңтайлы шешуді өтінді. Аудандық Ауған соғысы ардагерлері кеңесінің төрағасы Дәурен Нұрғалиев болса, Б.Момышұлы атындағы орта мектептің бұрынғы ескі ғимаратын спорт мектебіне айналдыруды ұсынды. Және облыс орталығына тиіп тұрған ауданның 13 ауылына әлі күнге дейге көгілдір отын тартылмағанын сынға алды.
Бұдан бөлек, Шайдана ауылының тұрғыны Амангелді Қоңырбаев Шайдана мен Сеңгірбай ауылдарының балалары Пионер ауылына қатынап оқитындықтан, елдімекендер арасында жүретін автобусты жаңартуды сұранды. Ал, шаруа Алпысбай Жұмаханов болса, аудан аумағындағы егістік жерлердің кезінде жекешеленіп кетуіне байланысты еңбеккерлердің өнімді құнарлы жерге еге алмай отырғанына қынжылыс білдірді.
Жиында көтерілген осы және өзге де мәселелер бойынша аудан әкімі толыққанды жауаптар қайтарып, түйіні қиын түйткілдердің жергілікті биліктің жіті назарында болатындығын айтты.
Дереккөз: zhambyl.gov.kz