Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов халық алдында есеп берді

0 1

Бүгін аймақ басшысы Асқар Мырзахметов халық алдында есеп берді. Өз баяндамасында облыс әкімі 2017 жылғы атқарылған жұмыстарды баяндап,  болашақ жоспарларымен бөлісті. Басқарма басшылары мен аудан әкімдеріне нақты тапсырмалар берді.

— 2017 жылы облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуында оң динамика сақталды. Есепті кезеңде 368 млрд. теңгеге өнеркәсіп өнімдері өндіріліп, өсім — 1,8 пайызды құрады. Инвестиция 5,5 пайызға көбейді. Индустриалды — инновациялық даму бағдарламасы аясында 13,0 млрд. теңгеге инвестиция тартылған, 10 жоба іске асырылып, 716 жаңа жұмыс орны құрылған, — деді аймақ басшысы. Сондай-ақ, болашақта кәсіпорындарды қайта жаңғыртып, олардың қуаты мен жүктемесін көтеру үшін нақты жоспарлар қабылданып, өнеркәсіп саласының аймақтық картасы жасалмақ. Шағын және орта бизнеске баса көңіл бөлінеді. Жергілікті жерлердегі шағын және орта деңгейдегі кәсіпорындарға  қолдау көрсету күн тәртібіне енгізілмек.

— Ендігі жерде, әкімдер мен басқармалардың өндірісті дамытудағы жұмыстары осындай  индикаторлар арқылы бағаланатын болады, — деді облыс әкімі өз баяндамасында.

Аймақтағы агросаланы дамыту, құрылыс, білім, денсаулық, спорт,  қоғамдық  тәртіп мен қауіпсіздік саласын қамтыған баяндамадан соң өңір басшысы есептік кездесуге келген тұрғындарды толғандыратын мәселелерді тыңдады. Көпшіліктің көкейіндегі  сұрақтарға жауап берді. Атап айтар болсақ, жабайы базарларды жою, жер телімін беру, жаңа мөлтекаудандардың инфрақұрылымын жақсарту, елді мекендерге көгілдір отын мен ауыз су тарту, жол жөндеу мәселелері назарға алынды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.