Шымкент қаласындағы №2 облыстық перинаталдық орталықтың дәрігерлері небәрі бір жарым келі салмақпен туылған нәрестелерді 40 күн бойы күтіп, жетілдіріп барып бүгін перзентханадан шығарып салды, деп хабарлайды BNews.kz .
Биылғы жылдың алғашқы үшемі 16 қаңтар күні дүниеге келген. Оңтүстік Қазақстанда облысы Сайрам ауданы Қарабұлақ ауылынан №2 облыстық перинаталдық орталыққа жеткізілген 21 жастағы Гузал Нурмиминоваға шұғыл түрде ота жасалған. Айы-күні толмай туылған сәбилердің салмағы небәрі 1,5 келідей ғана (біріншісі – 1495 грамм, бойы – 38 см, екіншісі – 1590 грамм, бойы – 40 см, ал үшіншісі – 1640 грамм, бойы – 41 см) болған.
Ақ халаттылардың біліктілігі мен күтімінің, тынымсыз еңбегінің арқасында шала туған нәрестелер аман қалып, анасы балаларын бауырына басты. Алғаш рет ана атанған 21 жастағы Гузал Нурмиминованың жақындары сәбилерді Зухра, Захро және Хасан деп атаған. Қазір олардың өміріне еш қауіп жоқ.
Жалпы соңғы 10 жылдың ішінде облыста жыл сайын 7-13 үшем дүние есігін ашады. Бір жылда дүниеге келетін егіздердің саны – 800-ге жуық.