Қызылжарда Бауырсақ күні өтті

0 24

Петропавл қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебі Бауырсақ күнін өткізді. Алаңда 15 қазан көтеріліп, 300 келі бауырсақ пісірілді, деп хабарлайды Baq.kz аймақтық тілшісі.

Бауырсақ күніне 800-ден астам адам қатысты. Мұндай мереке Петропавлда алғаш рет ұйымдастырылды. Мектеп ауласы қазақ ауылына айналғандай. Ұйымдастырушылар бұл шара арқылы қазақ халқының дархандығын көрсетпек болғандығын айтады.

«Қазақ – пейілінің кеңдігімен, қонақжайлығымен аты шыққан халық. Ата-бабаларымыз әрбір мейманды ерекше қарсы алған. Сол дәстүрімізді еске алайық, балаларға тәрбие берейік деген мақсатта осындай шара ұйымдастырдық. Бастысы – оқушыларға бүгінгі той ұнады», — дейді Петропавл қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебі директорының орынбасары Бауыржан Төленов.

Күннің суығына қарамастан халық көп жиналды. Мереке барысында оқушылар ән айтып, би билеп, арқан тартыс ойынына қатысты. Игі іске атсалысқандардың арасында мектеп мұғалімі Эльмира Есенбаева да бар. Ол ұлттық тағамды жасаудың қыр-сырымен бөлісті.

«Бауырсақ көтеріліп, жақсы пісу үшін қамырды ықыласпен илеу керек. Өзімнің қамыр илеу тәсілім жайында айтар болсам, сүт, су, ашытқы қосамын. Нан жұмсақ болу үшін сары майды да пайдаландым. Бір қарағанда бауырсақ пісіру оңай көрінгенмен, тағам дәмді болу үшін оны кәдімгідей баптау керек», — дейді ол.

Бұл күні бауырсақтың түр-түрі әзірленді. Мерекеге келген меймандарға бауырсақ берілді.

«Бауырсақ мерекесі жоғары деңгейде өтті. Біздің мектеп облыс бойынша Бауырсақ күнін алғашқы болып ұйымдастырды. Бауырсақ – қазақ халқының ең танымал тағамдарының бірі. Сондықтан ұстаздарымызбен бірге осындай мереке ұйымдастыруды жөн санадық», — дейді Петропавл қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушысы Армангүл Ербол.

Мектеп ұжымы Бауырсақ күнін ұйымсдастыру болашақта дәстүрге айналатынын айтты.

Дереккөз: Baq.kz 

Leave A Reply

Your email address will not be published.