Қызылордада баспанасы апатты деп танылған 143 отбасына жаңадан үй берілді

0 4

Бүгін қаладағы Жаппасбай батыр көшесінде 3 көпқабатты тұрғын үй пайдалануға беріліп, баспанасы апатты ден танылған 143 отбасына пәтер кілттері салтанатты түрде табысталды, — деп хабарлады ҚазАқпарат.

Жаңа баспана иелерін құттықтау үшін облыс әкімі Қырымбек Көшербаев және қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев салтанатты шараға арнайы қатысып, өз қолдарымен пәтер кілттерін үлестірді.

«Нұрлы жер» бағдарламасы арқылы «Дәнекер», «Орион ЛТД» және «Астана сервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері тұрғызған бұл 5 қабатты үйлер 2 және 3 бөлмелі пәтерлерден тұрады.

Салтанатты шара барысында жаңа пәтер иелерінің атынан сөз алған Раиса Ержанова:

«Халықтың тұрмыс жағдайының жақсаруына бар мүмкіндікті жасап отырған Елбасымызға және бізді осындай қуанышқа бөлеп отырған ел ағаларына алғысымыз шексіз. Бір апта бұрын жаңа баспана аласыңдар десе сенбес едім, бүгін міне күтпеген жерден жаңа пәтердің кілтін алып, бақытқа бөленіп тұрмыз. Үйіміз апатты жағдайда екенін есітігенде, бойымызды үрей билегені жасырын емес. Ендігі күніміз қалай болар екен деп қатты уайымдап едік. Бұлай тез баспаналы боламыз деп тіпті ойламадық. Сіздерге барша тұрғындардың атынан үлкен рахмет», — деп алғысы мен қуанышын жеткізді.

Естеріңізге сала кетейік, биылғы жылы наурыз айының басында облыс әкімінің тапсырмасымен облыс көлемінде орналасқан жатақханалардың жағдайын зерттеу үшін арнайы комиссия құрылған болатын. Комиссия Қызылорда қаласында орналасқан 22 жатақхананың жай-күйін зерттеп, қорытындысымен Титов қыстағындағы №32 жатақхана ғимаратын апатты деп таныған. Осыған сәйкес, бұл жатақхананың тұрғындарын жаңа баспанамен қамту мақсатында шұғыл шаралар қабылданған болатын.

Leave A Reply

Your email address will not be published.