Астана мен Душанбе арасында әуе рейсі ашылуы мүмкін

0 0

Кеше Ақорда Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен Тәжікстан Республикасының Президенті Эмомали Рахмонның елімізге жасаған ресми сапарының қорытындысы бойынша бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері үшін брифинг өткізді, бұл жайында Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Қазақстан Президенті келіссөздер барысында тараптар сауда-экономикалық ынтымақтастық мәселесіне айрықша көңіл бөлінгенін айтты.

– Қазақстан бүгінде Тәжікстан үшін ірі экспорттаушы әріптес саналады. Тәжікстан да біз үшін сауда саласындағы маңызды әріптес болып табылады. Өткен жылдың қорытындысы бойынша өзара сауда көлемі 800 миллион долларға жетіп, 30 пайызға артты. Әлемдік экономиканың құбылмалы  жағдайында бұл – өте жақсы көрсеткіш, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сонымен қатар Қазақстан Президенті екіжақты экономикалық қатынастарды одан әрі тереңдете түсу үшін әлеуеттің жеткілікті екеніне назар аударды.

– Қазақстанда жасалған жеңіл автомобильдер мен темір жол локомотивтерінің Тәжікстанға жеткізілуін табысты мысал ретінде айтуға болады. Қазақстан Тәжікстаннан жеміс-жидектер мен көкөністерді және солардан жасалған азық-түлікті импорттауға мүдделі, – деді Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан мен Тәжікстан арасында өзара инвестиция алмасу жағдайын жақсарту және кәсіпорындардың қызметін ілгерілету мәселесіне тоқталды.

– Бұл мәселе бойынша Астана мен Душанбе арасында әуе рейсін ашу мүмкіндігі қарастырылды. Ғарыш және цифрлық технология салаларындағы өзара іс-қимыл келешек ынтымақтастықтың перспективті бағыты болып саналады, – деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев су-энергетика саласындағы мәселелер бойынша өткен келіссөздердің нәтижелеріне тоқталды.

– Біз Орталық Азиядағы трансшекаралық өзендердің су ресурстарын пайдалану жөніндегі ұстанымдарымыздың ұқсас екенін тағы да растадық. Өзара тиімді шешімдер табу қажеттігін айттық. Бұл мәселе бойынша Халықаралық Аралды құтқару қорының қызметіне ерекше мән беріледі, – деді Қазақстан Президенті.

Қазақстан Президенті екі ел арасындағы мәдени-гуманитарлық ықпалдастықтың маңыздылығына тоқталып, осы үдерістегі тәжік диаспорасының ерекше рөлін атап өтті.

– Қазақстанда тәжіктердің ұлттық-мәдени орталықтары бар және олар Қазақстан халқы Ассамблеясының құрамына кіреді. Сондай-ақ, екі халық арасындағы қарым-қатынасты нығайту үшін Астанадағы орталық көшелердің біріне тәжіктің ұлы ақыны, философ Рудакидің есімін беру туралы шешім қабылдадым. Бұл оқиға Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы достықтың тағы бір жарқын символы болатынына сенімдімін, – деді Мемлекет басшысы.

Тәжікстан Республикасының Президенті Тәжікстанның халықаралық сауда-экономикалық байланыстар жүйесінде Қазақстан жетекші рөл атқаратынын айтты.

– Біз экономиканың түрлі секторындағы ынтымақтастығымызды кеңейту мәселелерін қарастырдық. Тараптардың әлеуетін ескере отырып, экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықтың ұзақмерзімді формаларын дамыту және айналымдағы тауарлардың түрлерін көбейту туралы әңгімелестік, – деді Э.Рахмон.

Соңында Э.Рахмон Қазақстанға ресми сапары барысындағы нәтижелі кездесулер мен сындарлы диалог үшін Нұрсұлтан Назарбаевқа тағы да алғыс айтты.

Leave A Reply

Your email address will not be published.