Бүгін Тараз қаласына Әулиеата жұртшылығымен үш күндік кездесуге Кеңес одағының батыры, даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлының келіні Зейнеп Ахметова келді. Ол алдымен шаһардағы қайта жаңғыртылған Жеңіс саябағында болып, ондағы батырдың ескерткіштеріне гүл шоқтарын қойды. Бұл туралы «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі хабарлайды.
– Бұрындары атамыздың ескерткіші жетім бала секілді театрдың бір жақ шетінде, көрінбей елеусіздеу тұрушы еді. Қазір еңсесі көтеріліп, биік тұғырда нағыз орнында тұр. Оның үстіне ескерткіштің артқы жағында орналасқан ардагерлер, шейіт болғандардың белгітастарына қарап атаның жауынгерлері секілді болып тұрғандай сезінесің. Бұл Әулиеата елінің қасиеттілігін, ұрпақ тәрбиесінің көрініс табатын киелі орын болады деп ойлаймын, — деді Зейнеп Ахметова.
Естеріңізге сала кетейік, Зейнеп Ахметова Таразға облыстық Ішкі саясат басқармасының мұрындық болуымен келген еді. Ол батыр Бәукеңнің ерлігін, парасатын өскелең ұрпаққа кеңінен насихаттап, қазақтың қыз-келіншектерін ұлттық тәрбиемен сусындатып, рухани нәр беріп жүрген абзал жан жамбылдық жұртшылықпен үш күн қатарынан кездесу өткізіп, дәстүр мен тәрбие, рухани құндылықтар туралы кеңінен әңгімелеп бермек.
Ең әуелі бүгін сағат 17:00-де «Баласағұн» ОКЗ-да «Аманат арқалаған жан» тақырыбында жалпы облыс жұртшылығымен кездесуі өтеді.
12 қыркүйек сағат 10:00-да Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің студенттерімен, сағат 15:00 де Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің жастарымен кездеседі.
13 қыркүйек сағат 10:30-да батыр Бәукеңнің туған өлкесі Жуалы ауданының жұртшылығымен Б.Момышұлы ауылының мәдениет үйінде жүздеседі.
Зейнеп Ахметова – қазақтың біртуар батыры, екінші Дүниежүзілік соғыстың даңқты жауынгері, әскери қолбасшы, стратег Бауыржан Момышұлының келіні. Қазақы дәстүрлерді насихаттаушы. “Шуақты күндер”, “Бабалар аманаты”, “Күретамыр” кітаптарының авторы.