Боксшы Фируза Шарипова тұрмысы төмен отбасыға көлік сыйлады (ФОТО)

0 16

Бүгін Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасының «Туған жер» жобасы аясында қалалық әкімдікте ҚР спорт шебері, әйелдер арасында кəсіпқой бокстан Әлем чемпионы Фируза Шарипова тұрмысы төмен отбасыға автокөлік кілтін табыс етті, -деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.

Аталған шарада Фируза Шарипова қала әкімі Ғалымжан Әбдірайымов және қала зиялыларымен жүздесіп, екі мүгедек баланы бағып отырған Риза Есенқызына көлік кілтін салтанатты түрде табыстады.

Ғалымжан Әбдірайымов, Тараз қаласы әкімі:

– «Туған жер» жобасы жетістікке жеткен азаматтардың туған жеріне қайырымдылық жасауына мүмкіндік береді. Бүгінде жергілікті меценаттар арқасында қалада түрлі әлеуметтік нысандар салынып, ескі ғимараттарға жөндеу жұмыстары жүргізілуде. ҚР Спорт шебері, мақтанышымыз Фируза жобаға өз үлесін қосуға ниет білдірді. Қаршадай қыздың жас та болса, үлкен іске бас болғаны басқа азаматтарға үлгі болса екен деймін.

Фируза Шарипова, ҚР спорт шебері, әйелдер арасында кəсіпқой бокстан Әлем чемпионы:

— Қыздар үшін жұдырық түйістіру оңай емес. Шаршы алаңда өз атымды емес, елімнің намысын қорғаймын. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы еліңді, атамекеніңді сүюге шақырады. Сондықтан, байрақты бәсекедегі кезекті жеңісімді туған жеріме арнап, жүлдем арқылы бір отбасына қуаныш сыйлағым келді. Жолдыбаевтар отбасында қазіргі таңда екі мүгедек бала тәрбиеленіп отыр. Оларды ауруханаға тасымалдап, керек-жарағымен қамту үшін көлік қажет. Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі арқылы осы жанұяның жағдайын біліп, көлік беруді ұйғардым. Қайырымдылық жасап марапат алуды көздемеймін. Бұл – әрбір иісі мұсылманға парыз деп білемін.

Спортшының қолдауына ие болған Жолдыбаевтар жанұясы жалдамалы пәтерде тұрады. Отбасында кәмелет жасына толмаған 4 бала бар, оның екеуі бала жасынан мүгедек.

– Жаны жомарт жандардың барына қуанамын. Бұл менің өмірімде алған ең үлкен сыйлық. Алланың берген сынағын жеңілдетуге атсалысқандарыңыз үшін алғысым шексіз. Фирузаға тек жеңісті жол тілеймін! – деді Риза ана ризашылығын білдіріп.

Leave A Reply

Your email address will not be published.