Облыстағы 446 жалпы білім беретін мектептерді 222 801 оқушы аяқтайды

0 0

2018-2019 оқу жылында облыстағы 446 жалпы білім беретін мектептерді 222 801 оқушы аяқтайды, оның 169058-і қазақ, 53584-і орыс, 159-ы өзбек тілінде. Бұл туралы ӨКҚ алаңында Жамбыл облысы әкімдігі білім басқармасы басшысының орынбасары Жәмилә Бекбатырова, Жамбыл облыстық Полиция Департаменті Жергілікті полиция қызметі басқармасының Ювеналдық полиция бөлімінің басшыс Қуанышбек Қалжанов және Жамбыл облыстық ТЖД зілзалалар қауіп-қатерін азайту және азаматтық қорғау саласындағы бақылау басқармасының басшысы Мақсат Акимбаевтың қатысуымен өткен  брифингте айтылды, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.

Орта білім беру ұйымдарында оқу сабақтары 25 мамырда аяқталады. Биыл 2018-2019 оқу жылында мектеп қабырғасынан 8796 оқушы түлеп ұшпақ. Түлектердің 328-і «Алтын белгіден», 245-і «Үздік аттестаттан» үмітті. 9,11-сыныпты бітіретін оқушылар 27 мамыр – 7 маусым аралығында мемлекеттік емтихан тапсырады. Мектеп бітіру кеші 12 маусымда «Болашақ – жастардікі» тақырыбында мектеп қабырғасында өтеді.

Биыл екінші жыл ҰБТ тек ЖОО түсу үшін тапсырылады. ҰБТ 20 маусымнан 5 шілдеге дейін облыстағы 10 ұлттық бірыңғай тестілеуді өткізу пункттерінде өтеді. 2018-2019 оқу жылында түлектердің 5913-і (67.3 %) ҰБТ-ға қатысуға өтініш білдірді.

Мектеп бітірушілердің 5219-ы сынақты қазақ тілінде, 673-і орыс тілінде тапсырады. Ал ағылшын тілінде тапсыруға 21 түлектен өтініш түскен. Тестілеу форматына сәйкес талапкер 3 сағат 50 минутта 2 блоктан тұратын 120 тапсырманы орындау қажет: 3 міндетті пән және таңдайтын мамандығына сәйкес 2 бейінді пән тапсырма.

Жазғы демалыс маусымында өңірде 425 мектеп жанындағы лагерь және 10 қала сыртындағы сауықтыру лагері жұмыс істейді. Онда 100 пайыз оқушы сауықтырумен және ұйымдастыру шараларымен қамтылатын болады. Көп балалы және аз қамтамасыз етілген әлеуметтік санаттағы отбасы балалары да назардан тыс қалмады.

Алатмыш санаттағы 8046 бала қала сыртындағы лагерьде тегін сауықтырылса, мектеп жанындағы лагерьлерде 21 мыңнан астам бала тегін тамақтанады.

Сонымен қатар, жеткіншектер республикалық оқу-сауықтыру орталықтарында және палаткалық лагерьлерде қызықты күндерін өткізбек. Балаларға арналған ауданнан ауданға және өзге облыстарға туристік саяхаттар, экскурсиялар мен спорттық шаралар ұйымдастырылады.

Жазғы маусымда балалардың құқығын қамтамасыз ету мақсатында білім басқармасының «Жедел желісі» ашылып отыр. Ата-аналар мен барлық мүдделі тұлғалар қала сыртындағы, мектеп жанындағы лагерьлерде орын алған оқыс жағдайлар туралы шағымдарын осы телефон нөмірлері арқылы хабарлай алады.

Leave A Reply

Your email address will not be published.