Жамбыл облысында республикалық «Мектепке жол» акциясы басталды

0 1

Жамбыл облысында республикалық «Мектепке жол» акциясы басталды, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.

11 жылдан бері үзілмей келе жатқан қайырымдылық шарасы аясында биыл да тұрмыс жағдайы төмен отбасылар мен ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларға әлеуметтік көмек көрсетіледі.

Биылғы жылы ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың тапсырмасымен көмекке мұқтаж балаларды барынша оқумен толық қамту мақсатында «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы жылдағыдан бір ай бұрын, яғни шілде айынан басталып, 30- қыркүйекке дейін жалғасатын болады.

Бүгінгі күні бір баланың өзін мектепке дайындау ата-анаға салмақ түсіретіні рас. Ал, отбасында бірнеше бала болса ше? Әлбетте, мұндай жағдайда әке-шеше барлық баласын бірдей жаңа оқу жылына сақадай сай етіп даярлай алмасы анық. Бұдан басқа да әлеуметтік көмекті қажет ететін тұрмысы төмен отбасы мен жетім, жартылай жетім жеткіншектер бар. Оларға да көп болып көмек көрсету — игілікті іс.

Өткен жылы акция аясында ірі компаниялар мен мемлекеттік органдардың, кәсіпкерлер мен демеушілердің көмегінің арқасында аз қамтылған, көп балалы отбасылардан шыққан 32106 бала материалдық және қаржылық көмек алған.

Сондай-ақ акцияға үлес қосамын деген жандар болса, облыс мектептеріне киім-кешек, оқуға қажетті құрал-жабдықтар табыстай алады. Ал көмек алуға үмітті ата-аналар мен балалар тізімі жергілікті жердегі мектептерде бекітіледі. Баласының болашағына бейжай қарамайтын ата-ана егер мектепке қажетті киім-кешек, құрал-жабдық аламын десе, сонда өтініш білдіруіне болады.

Leave A Reply

Your email address will not be published.