«Жомарт түлек» өзі туған ауылға балабақша ашып берді

0 5

Жамбыл ауданы Ақбұлым ауылының азаматшасы «Жомарт түлек» жобасының аясында өзі туған елді мекенге балабақша ашып берді. Алдағы уақытта аталған бөбекжайда 50 бүлдіршін тәрбиеленетін болады, — деп жазады “ZhambylNews” ақпарат агенттігі.

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Жомарт түлек» жобасы әр жылдары мектеп бітіріп, бүгінде еліміздің түкпір-түкпірінде еңбек етіп жүрген азаматтар тарапынан үлкен қолдауға ие болуда. Жобаға қатысып туған ауылын гүлдендіруге үлес қосушылардың бірі Жамбыл ауданы Ақбұлым ауылындағы мектептің түлегі — Гүлзат Ташбаева. Бүгінде жеке кәсіпкер, «Шаңырақ 7» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өкілі Гүлзат Ташбаева 21 млн теңгеге балабақша ашып, игілікті іске себепші болды:

— Елдің қажетіне арнап орталық көшеден балабақша салып отырмыз. Мұнда 50-ге жуық бүлдіршін тәрбие алатын болады. Туған жерге із қалдыру әр азаматтың көкейінде тұруы керек деп санаймын. Барлығымыз ауылда өсіп, үлкен өмірге қанат қағып, сан -салада еңбектеніп жүрміз. Бірақ туған жердің дамуына үлес қосу азаматтық борышымыз . Осы орайда игілікті жобаға барша кәсіпкерлерді үн қосуға шақырамын, — дейді Гүлзат Әбдібайқызы.

Нысан заманауи құралдармен жабдықталған. Оқыту кабинеттері, ас бөлмесі, сергіту, ойын алаңдарымен қамтамасыз етілген.

Бөбекжайдың ашылуына ауыл қариялары қатысып, ақсақалдар бата берді. Балабақша табалдырығын аттаған бөбектер өз өнерлерін де ортаға салды. Жергілікті тұрғындардың бірқатары жұмыспен қамтылды. Бұдан бөлек Ақбұлым ауылындағы Б.Бесбаев атындағы мектеп-гимназиясының 2001 жылғы түлектері білім ордасына демалыс алаңшасын ашып, 1 млн теңге ге су бұрқақтарын орналастырған болатын.

Еске сала кетейік, аталған жобаға Жамбыл ауданының түлектері белсенді қатысып, бірқатар игілікті істерге ұйытқы болуда. Осыған дейін жомарт түлектер Шайдана ауылында 10 млн теңгеге спорт музейі мен спорт кешенін салып берсе, Ащыбұлақ ауылының 1984 жылдары туылған азаматтары 2 млн теңгеге балаларға арналған ойын алаңшасының құрылысын, Шоқай, Ш.Ниязбеков ауылындағы білім ордасын 20 жыл бұрын аяқтаған түлектері ауылдарына келбетті қақпа орнатқан болатын.

Leave A Reply

Your email address will not be published.