Биыл 14 мыңнан астам этникалық қазақ қандас мәртебесін алды

0
2

2021 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша 14 358 адам тарихи отанымен табысып, қандас мәртебесін алды. Жалпы алғанда, 1991 жылдан бері республикаға 1 миллион 84,7 мың этникалық қазақ оралды. Бұл туралы «ZhambylNews»  АА Еңбек министрлігіне сілтеме жасап хабарлайды.

Осы жылдың басынан қандастардың жартысынан көбі (76,3%) Қазақстанға Өзбекстаннан келген, 9,4%-ы – Қытайдан, 6,4%-ы – Түрікменстаннан, 2,5%-ы – Моңғолиядан және 5,4%-ы басқа елдерден келген.

Келген этникалық қазақтар негізінен Алматы (28%), Маңғыстау (19,3%), Түркістан (13,5%) және Жамбыл (8,1%) облыстарына, сондай-ақ Шымкент (10,7%) қаласына қоныстанды.

Ағымдағы жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша еңбекке қабілетті жастағы этникалық қоныс аударушылар саны 55%-ды, еңбекке қабілетті жастан кішілері 27,9%-ды және зейнеткерлер 17,1%-ды құрайды.

Еңбекке қабілетті жастағы қандастардың ішінен білім деңгейі бойынша 11,1%-ының жоғары білімі, 39,8%-ының орта кәсіби білімі, 45,5%-ының жалпы орта білімі бар және 3,6%-ының білімі жоқ.

Этникалық қазақтарды мемлекеттік қолдау шараларымен қамтамасыз ету шеңберінде жыл сайын қандастарды қабылдаудың өңірлік квотасы белгіленеді.

Өңірлік квота шеңберінде 720 этникалық қазақ (Ақмола облысы – 92 адам, ШҚО – 121 адам, Қостанай облысы – 117 адам, Павлодар облысы – 328 адам және СҚО – 62 адам) көшуге субсидия: отбасының әрбір мүшесіне 70 АЕК-тен (204,1 мың теңге) келетін біржолғы төлем алды, сондай-ақ 12 ай бойы отбасына 15-тен 30 АЕК-ке дейінгі (43,7-ден 87,5 мың теңгеге дейінгі) мөлшерде ай сайынғы төлем алды.

Сонымен қатар, қандастарға жергілікті атқарушы органдар тұрғын үй беру және жұмысқа орналастыру бойынша қолдау көрсетеді.

Жауап калдыру

Please enter your comment!
Please enter your name here