Мұғалімдер арасында Ахмет Байтұрсынұлы атындағы байқау өтеді

0
7

Нұр-Сұлтан қаласында 2019 жылғы  12  қыркүйекте мұғалімдер арасында Ахмет Байтұрсынұлы  атындағы республикалық байқау өтеді, – деп хабарлайды “ZhambylNews” АА ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Байқауды ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитеті Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы  ұйымдастырмақ, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Байқаудың мақсаты – қоғам қайраткері, қазақтың ұлттық ғылымының көшбасшысы Ахмет Байтұрсынұлының ғылыми-педагогикалық мұраларынының сабақтастығын жалғастыру.  Сондай-ақ, мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту  және оны сапалы оқыту мақсатын жүзеге асырып жүрген үздік оқытушылардың жаңашыл әдіс-тәсілдерді қолданудағы жұмыс тәжірибесімен танысу,  қазақ тілінің жас мамандары арасында шығармашылықпен жұмыс жасайтын оқытушыларды анықтап,  озық тәжірибелерін тарату, сондай-ақ  мемлекеттік тілді оқытып жүрген оқытушылардың кәсіби беделі мен қоғамдағы мәртебесін арттыру болып отыр.

Республикалық байқау үш кезеңнен тұрады: бірінші кезең –  қатысушылардың өздері, оқу материалдары және жетістіктері жайлы алдын ала дайындаған бейнетаныстырылым көрсетеді. Екінші кезең – қатысушылардың педагогикалық-психологиялық жағдаяттарға арналған тапсырмаларды орындауы;  үшінші кезең –  20-25 минут көлемінде сабақ үлгісін көрсету.

Аталған шараға еліміздің 16 өңірінің  оқытушылары қатысады. Республикалық байқау  жеңімпаздарын әдіскер-ғалымдардан құралған қазылар алқасы анықтайды. Жеңімпаздар арнайы дипломдар, алғысхаттармен және қаржылай сыйлықтармен марапатталады.

«Ахмет Байтұрсынұлы – қазақ тіл білімі мен қазақ тілін оқыту әдістемесінің негізін қалаған ғалым-ұстаз екендігі  көкірегі ояу, көзі ашық ортаға аян. Ғалымның қазақ тілін оқытуға арналған «Методика мәселелері», «Қай әдіс жақсы?»,  «Оқу құралы» және т.б.   мұралары  жас  ғалым-зерттеуші, педагог-әдіскер жастарға  мәңгі азық болары сөзсіз.  Қазіргі таңда зерттеуші-әдіскерлер қазақ тілін үйретуде  қолданылып жүрген оқытудың тиімді жаңашыл технологиялары жайлы идеялардың Ахмет Байтұрсынұлының әдістемелік еңбектерінен бастау алатындығын  дәлелдеп жүр. Сондықтан ұлт ғалымының әдіс-тәсілдері жайлы тұжырымдарының  өміршеңдігін зерделей отырып, қазақ тілін оқыту әдістемесіне  толыққанды  пайдалану арқылы оның мұраларын жаңғырту жас оқытушылардың құзырында», – делінген баспасөз баянында.

Жауап калдыру

Please enter your comment!
Please enter your name here