Қазақстанда «оралман» термині «қандас» деп ауыстырылды

0
14

Қазақстанда «оралман» термині «қандас» деп ауыстырылды. Бұл туралы Мәжілісте ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Өздеріңіз білесіздер, Президент өзінің ұстанымын айтып, «оралман» терминінен бас тартып, «қандас» деген дұрыс екенін білдірген еді. Сондықтан бүгін талқыланған заң жобасында бұл норма келісілген. Егер де алдағы уақытта құжат қабылданса, онда «оралман» түсінігі «қандас» сөзіне алмастырылады», – деді ведомство басшысы Парламент Мәжілісінде тілшілер сауалына жауап бере отырып.

Осы орайда, министр бұл терминге қатысты қоғамдастық тарапынан да ұсыныстар болғанын еске салды. «Мен бұл ұсынысты қолдаймын. Жеке өз басым қандас бауырларымыз деп сөйлеймін. Ол маған кішкене жақындау. Сосын барлық жерде пайдаланылған «оралман» термині енді «қандас» термині болып жазылады», – деді Б. Нұрымбетов.

Айта кетейік, бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне көші-қон процестерін реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды. Заң жобасында Қазақстанға келген этникалық репатрианттар мен қоныс аударушылар үшін қолайлы жағдайлар жасау ескерілген. Еске сала кетейік, биыл қыркүйек айында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Оралман» сөзінен бас тартып, «қандас» дегеніміз жөн болатынын айтқан еді.

«Мен бұдан бұрын да тарихи отанына келген қазақтарды «оралман» деп атаудан бас тартып, «қандас» дегеніміз жөн болады деген едім. Жеті атасын білетін халыққа «қандас» деген ұғым жарасады», – деді Президент.

Жауап калдыру

Please enter your comment!
Please enter your name here