Бүгінгі баспасөз-тур құтты мекен Қордай ауданында жалғасын тапты. БАҚ өкілдеріне сұқбат берген аудан әкімі Б.Байтөле барлық салада өсім барлығын жеткізіп, облыс әкімі Асқар Исабекұлы жүктеген тапсырмалардың, міндеттердің орындалып жатқанына кеңінен тоқталды, деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.
Баспасөз-туры алдымен қырық мыңға жуық халық тұратын Қордай ауылындағы «Әлеуметтік дүкеннен» басталды. Мұнда тұрмысы төмен және қиын жағдайға тап болған отбасыларға көмек киім-кешекпен ғана көрсетіліп қоймай, тұрмысқа қажетті тауарлар арзан бағамен сатылады. Дүкен жұмысы турасында меңгерушісі К.Ермұхаметова егжей-тегжейлі түсіндірді. Дүкенде түрлі акциялар да ұйымдастырылып тұрады екен. Мәселен, жақында ғана «Қайырымды жұма» акциясы өтіп, онда тұрғындарға тегін нан таратылған.
Осыдан кейінгі нысан — «Флагман» сауда үйі болды. Заманауи типте салынған сауда үйінде тұрмысқа қажеттінің барлығы бар әрі өз наубайханасында нан-тоқаш өнімдері мен тәттілер пісіреді. Аудандағы қайырымды шараларға да белсене араласып тұрады. Баспасөз-тур аясында аудан орталығында орналасқан, сәулеті келіскен «Нұрсила әже» жеке меншік балабақшасында да бас сұқтық. Екі қабатты ғимаратта мектепке дейін білім беру жоғары деңгейде ұйымдастырылған. 75 балаға тәрбие беріп отырған балабақша жұмысы жайында білім бөлімі басшысы Е.Нұралиев баяндап берді. Осыдан кейін ауданның ауыл шаруашылық саласына серпін беріп отырған «Қордай Корм» өндірістік кооперативі базасында болып, түрлі тыңайтқыштарды шығарумен айналысатын нысанның жұмысымен таныстық.
Осыдан соң, аквопоника әдісімен жұмыс істейтін «Гринвилл» ЖШС жылыжай кешеніне бардық. «Базилик», «Руккола» сынды салат түрлерін өндірумен айналыстын жылыжай кешенінде «Тилапия» балықтары да өсіріліп, сатуға шығарылады екен. Оңтүстік Кореялық технологияларды тиімді пайдаланып отырған серіктестік таураларын Алматы қаласына жөнелтуде. Қордай ауданында жұмыспен қамту, кәсіпкерлікті қолдау бойынша да жұмыстар мықтап қолға алынған.
Соның ішінде «Еңбек» бағдарламасы аясында өз кәсібін ашқан жандармен де кездесудің сәті түсті. «Timur Bakery» атты кондитерлік студиясын ашқан жас кәсіпкер Т.Қасымбеков тәттілерді пісіруді қолға алып, мемлекет қамқорлығын сезінуде. Әдемі безендірілген торттарымен танымал болған Тимур қазір кәсібін дөңгелетіп, нәсібін теруде.
Аталмыш бағдарламаның шапағатын көрген қордайлық Н.Майбасаров массаж кабинетін ашып, қордайлықтардың алғысына бөленсе, С.Салыбаева былғары сөмкелер жасап, сатуды қолға алыпты.