Жамбыл облысы Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері жедел алдын алу іс-шараларын жүргізу барысында Жуалы ауданының 46 жастағы тұрғынын ұстады. Ол салмағы 3 келі 600 грамм болатын «гашиш» есірткі затын көмбеде жасырын сақтаған . Бұл туралы Жамбыл облысы Полиция департаментінің бастығы Арман Оразалиев фейсбук парақшасында жазды , деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.
Күдікті өз кінәсін толық мойындап, Тараз қаласының уақытша ұстау изоляторына қамаққа алынды. Ұсталған азамат бұрын сотты болмаған.
Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 296-бабы 4-бөлігімен сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.
Полиция департаментімен өңірде есірткі құралдарының заңсыз айналымына қатысты қылмыстар мен құқық бұзушылықтарды анықтау бойынша профилактикалық жұмыстар ұдайы жүргізілуде.