Өңір басшысы жол салуда сапаға баса мән беруді тапсырды

0 1

Бердібек Сапарбаев «Меркі — Бурылбайтал» автожолының қайта жаңғырту жұмыстарының барысымен танысты , — деп хабарлайды «ZhambylNews» ақпараттық агенттігі.

Аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев жол құрылысының сапасына жіті көңіл бөлуде. Оған осы тақырып аясында жүйелі түрде өтетін жиындар мен кездесулер барысынан көз жеткізуге болады. Ол сала кәсіпорындарын аралап, жай-күйімен танысудан талған емес. Олардың жаңа маусымға деген дайындықтарының қыр-сырын жеке бақылауда ұстап, ағымдағы мәселелерін жедел шешуге қол ұшын беруде.

Бердібек Сапарбаевтың Шу ауданына жұмыс сапары барысында жол мәселелеріне баса мән берілді. Мұнда ұзындығы 262 шақырым болатын қайта Меркі-Бурылбайтал автожолының қайта жаңғырту бойынша үлкен жоба жүзеге асырылуда. Облыс әкімі құрылысы жүріп жатқан аумақтарда болып, жол-құрылыс компанияларының басшыларымен кездесті.
Ірі жобаға қытайлық «China Xinxin Corporation» және қазақстандық «ABK-Avtodor NS» компаниялары тартылған.

Қытайлық мердігерлермен қазақ тілінен тікелей қытай тіліне аударған тілмаш арқылы сөйлескен Бердібек Сапарбаев олардан Қазақстан заңдарын қатаң сақтауды талап етті. Ол қытайлық кәсіпорындардың жалақысы төмендігін алға тартып, оның мөлшері жыл сайын кем дегенде 10 пайызға арттырып отыру керектігін атап өтті. Сондай-ақ, аймақ басшысы барлық жұмысшылар үшін тең жағдай жасау керектігін еске салып, әсіресе жалақы, тамақтану және жүріп-тұру мәселелеріне көңіл бөлді.

Б.Сапарбаев мал өткелдерін салу және жол бойындағы арықтар мен көпірлерді жөндеу қажеттігін баса айтты. Жол жөндеу жұмыстары жақын маңда орналасқан жергілікті тұрғындардың 13 үйінің қабырғаларының жарылуына себеп болған. Оларды 15 күннен кешіктірмей жөндеу керек. Бұл үшін 8,5 миллион теңге қажет.

Қазақстанда бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі деген ұғым бар. Компаниялар жақын маңдағы елді мекендерге, облыс орталығына әлеуметтік мәселелерді шешуге көмек көрсетуі керек. Әсіресе, коронавирус жағдайын ескере отырып, жағдайы төмен, көп балалы отбасыларға көмектесу қажет.
Қазақстан Республикасының заңдары, оның ішінде «Тіл туралы Заңы» қатаң сақталуы керек. Мемлекеттік тіліміз — қазақ тілі. Барлық маңдайшалар, оның ішінде кіреберісте орналасқан компанияның атауы да қазақ тілінде болуы керек. Мен тағы да осында келіп, бұл тапсырмаларымның қалай орындалғанын тексеремін, — деп атап өтті облыс әкімі.

Қытай компанияларының жетекшілері Сапарбаевтың талаптарына толықтай келісетіндіктерін білдірді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.