Жамбыл облысының емдеу мекемелері медициналық техникалармен 96% қамтамасыз етілген. Бұл туралы өңір әкімі Ербол Қарашөкеев айтты, деп хабарлайды Kazinform.
«Облыста 391 денсаулық сақтау нысаны қызмет көрсетуде және 24 нысанның құрылысы жүріп жатыр, оның 10-ы «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында қолға алынған. Бүгінге 6 нысан пайдалануға берілді. Ірі нысандардың бірі – Тараз қаласындағы облыстық онкологиялық диспансер (200 төсек-орын), Шу ауданындағы балаларға арналған оңалту орталығы (48 төсек-орын) бар», — деді Ербол Қарашөкеев Орталық коммуникациялар қызметінде.
Оның айтуынша, 2023 жылдың соңына дейін тағы 13 денсаулық сақтау нысанын пайдалануға беру жоспарлануда. Қалған 5 нысан 2024 жылы енгізілмек. 9 нысан күрделі жөндеуден өтті, 2 нысанда жұмыстар жүргізілуде.
«19 аурухана мен 3 емханаға медициналық құрал-жабдықтар және 14 аурухана мен 3 емханаға 40 жедел жәрдем көлігі сатып алынды. Нәтижесінде, емдеу мекемелерінің медициналық техникалармен қамтамасыз етілу деңгейі 91-ден 96%-ға жеткізіледі. 2024 жылғы жоспарға тоқталсам, «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» жобасы аясында 20 медициналық-санитарлық нысан құрылысы жоспарлануда. Орта мерзімді перспективада Байзақ, Қордай, Жуалы аудандарында 3 ірі аудандық аурухананың құрылысын салу, Меркі, Шу және Талас аудандарында 3 ауданаралық көпсалалы ауруханаларды қайта жаңғырту жоспарлануда», — деп түсіндірді облыс басшысы.
Нәтижесінде облыстағы денсаулық сақтау нысандарының тозуы 40,3%-дан 38%-ға дейін төмендейді.
Бұған дейін Ербол Қарашөкеев өңірде электр энергиясы жетіспей жатқанда неліктен полиция патруліне электромобиль алынғанын түсіндірген еді.